Кәсіпқой бокс бойынша Қазақстан федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг бақылаудағы B сынамасы ашылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Ерденбеков әлеуметтік желідегі парақшасында жанкүйерлерді сабырға шақырып, ресми қорытындыны күту керегін айтты.
«B сынамасы ашылды. Қазақстан халқы, дұға етейік. Нәтижесін күтеміз», – деп жазды ол.
Федерация басшысы B сынамасын ашу іс барысындағы шешуші кезең екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл тек спортшының алдағы жоспарына ғана емес, жағдайдың құқықтық бағасына да тікелей әсер етеді.
Ұйым ресми қорытынды шыққанға дейін спортшыны кінәлі деуге болмайтынын ескертті. Федерация өкілдері айып тағатын сипаттағы жария пікірлерді тексеріс үдерісіне қысым ретінде қабылдап, спортшының құқығын шектейді деп бағалайды.
Сондай-ақ федерация B сынамасының талдауы ереже бойынша қатаң тәртіппен өтуі тиіс екенін жеткізді. Спортшы мен оның өкілдері барлық рәсім мен құжатқа толық қол жеткізуі керек. Қандай да бір ауытқу туындаса, оның салдарын заң аясында қарастырып, нәтижені жарамсыз деп тану мәселесі де туындауы мүмкін.
Федерация мәліметінше, егер B сынамасы спортшының тазалығын растаса, олар Әлімханұлына тағылған күдікті ресми түрде алып тастауға және оның атына нұқсан келген беделін қалпына келтіруге күш салады. Ал егер бұзушылық заңды тәртіппен дәлелденсе, шешім қолданыстағы ережелер негізінде қабылданады.
Еске салсақ, 6 желтоқсанда Әлімханұлы орта салмақта WBA белбеуінің иегері Эрисланди Ларамен белбеу біріктіру жекпе-жегін өткізуі керек еді. Бұл кездесуді көпшілік қазақстандық боксшының мансабындағы ең маңызды айқастардың бірі деп бағалаған.
Алайда ол допинг сынағынан өте алмай, жекпе-жек кешінің тізімінен шұғыл шығарылды. Кейін спортшыға 2016 жылдан бері допингке қарсы ережелер бойынша тыйым салынған мельдонийге қатысты күдік тағылғаны айтылды.
Нәтижесінде Лара рингке венесуэлалық Йохан Гонсалеспен шығып, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.
Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

