Categories Жайық news

Зеленский Еуропаны Мадуроны тұтқындаған Трамптан үлгі алуға шақырды

Украина президенті Владимир Зеленский Давостағы форумда Еуропаның баяу қимылын қатаң сынап, АҚШ президенті Дональд Трамптың Венесуэла басшысы Мадуроны тұтқындауын мысалға келтірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Зеленский сөзін бір жыл бұрын айтқан сыни пікірін қайталаудан бастады. Ол Еуропаның қорғаныс қабілетіне қатысты ешқандай ілгерілеу болмағанын атап өтті.

«Осыдан тура бір жыл бұрын осы жерде, Давоста мен өз сөзімді: «Еуропа өзін қорғауды үйренуі керек» деген сөздермен аяқтаған едім. Бір жыл өтті — ештеңе өзгерген жоқ. Мен әлі де сол сөздерді қайталауға мәжбүр болатын жағдайдамын», — деді ол.

Ол Путинді жауапқа тарту мәселесінде еуропалықтардың әрекетсіздігін АҚШ президенті Дональд Трамптың батыл қадамымен салыстырды.

«Президент Трамп Венесуэлада операция жүргізіп, Мадуро тұтқындалды. Бұл туралы түрлі пікірлер болды, бірақ факт өзгермейді: Мадуро қазір Нью-Йоркте сот алдында жауап береді. Кешіріңіздер, бірақ Путин сотта отырған жоқ», — деді Зеленский.

Украина басшысының айтуынша, Еуропа Ресейдің әскери қылмыстарын тергейтін толыққанды трибунал құруға да қауқарсыз болып отыр.

«Көптеген кездесулер өтті, бірақ Еуропа әлі күнге дейін нақты мамандары бар және нақты жұмыс істейтін толыққанды трибунал құру кезеңіне де жеткен жоқ. Не жетпейді — уақыт па, әлде саяси ерік пе? Еуропада әділдіктен де маңыздырақ шұғыл шаруалар тым жиі табылып жатады», — деп атап өтті ол.

Зеленский қазіргі қауіпсіздік кепілдіктері соғыс біткеннен кейін ғана күшіне енетінін, ал нақты көмек бүгін қажет екенін меңзеді.

«Қазір біз серіктестермен қауіпсіздік кепілдіктері бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз, ол үшін алғысым шексіз, бірақ бұл кепілдіктер соғыс аяқталғаннан кейінгі кезеңге арналған», — деді Украина президенті.

Сондай-ақ ол Ресей мұнайынан түскен қаражатты тәркілеп, Еуропаның мүддесіне жұмсауды ұсынды.

«Ресей мұнайын тоқтату, тәркілеу және Еуропаның мүддесі үшін сату қажет. Неге бұлай істемеске? Егер Путинде ақша болмаса, Еуропа үшін соғыс та болмайды. Егер Еуропада ақша болса, ол өз адамдарын қорғай алады», — деді Зеленский.

Сөзінің соңында Зеленский Еуропаға НАТО-ға үміт артпай, өзінің біріккен қарулы күштерін құру қажеттігін баса айтты.

«Еуропаға оны шынымен қорғауға қабілетті біріккен қарулы күштер керек. Бүгінде Еуропа тек қауіп төнген жағдайда НАТО іске қосылады деген сенімге ғана сүйеніп отыр. Бірақ альянстың іс-қимылын ешкім шынайы түрде көрген жоқ. Егер Путин Литваны басып алуды немесе Польшаға соққы беруді ұйғарса — оған кім жауап береді?» — деп сөзін қорытындылады ол.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

Еліміздің басым бөлігінде қар жауып, боран соғады: 23 қаңтарға арналған ауа райы болжамы

23 қаңтарда Қазақстанның көптеген өңірінде ауа райы құбылмалы болады. Солтүстікте аяз күшейсе, басқа аймақтарда қар…

Қарағандыдағы дәмханада газ баллоны жарылды: Зардап шеккендердің үшеуі жансақтау бөлімінде жатыр

Қарағандыда дәмханада газ баллоны жарылып, төрт адам зардап шекті. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде…

Трамп пен Зеленский кездесті: АҚШ президенті Путинге қандай хабар жолдады?

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина басшысы Владимир Зеленский жабық есік жағдайында келіссөз өткізді. Трамп…