Кремль Украинамен арадағы келіссөздердің келесі кезеңі Ыстамбұлда өтуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл шешімге Таяу Шығыстағы тұрақсыздық себеп болуы ықтимал, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзінше, Иран төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты кездесуді Әбу-Дабиде өткізу қазір қарастырылмайды. Ол Ыстамбұлдың ықтимал алаң ретіндегі маңызын атап өтті.
«Ыстамбұл – ықтимал алаңдардың бірі. Бұл нұсқаға барлық тарап оң қарайды», – деді Песков.
Сонымен қатар, Кремль өкілі келіссөздердің нақты күні мен орны әлі бекітілмегенін, бірақ диалогтың жалғасатынына сенімді екенін жеткізді.
«Келіссөздердің келесі кезеңінің нақты күні мен орны әлі белгіленген жоқ. Дегенмен, келіссөз үдерісінің жалғасатыны анық», – деп түйіндеді ол.
Бұған дейін тараптар АҚШ-тың арағайындығымен Әбу-Даби мен Женевада кездескен болатын. Ал АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф келесі кездесу келер аптада өтуі мүмкін екенін жоққа шығармады.
Фото: Әлеуметтік желіден

