Түркияның орталық бөлігінде 5,5 магнитудалы жер сілкінісі тіркелді. Үрейге бой алдырған бірнеше адам ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Жерасты дүмпуінің ошағы Токат провинциясында, шамамен 6 шақырым тереңдікте орналасқан. Жер сілкінісі Амасия, Сивас және Самсун сияқты көршілес аймақтарда да анық сезілген.
«Ірі қираулар тіркелген жоқ. Дегенмен, кейбір мектептердің қабырғаларында жарықшақтар пайда болды», – деп хабарлады жергілікті билік өкілдері.
Оқиғаға байланысты Токат қаласында барлық білім беру мекемелері мен мемлекеттік органдардың жұмысы бір күнге тоқтатылды.
Фото: Әлеуметтік желіден

