АҚШ президенті Дональд Трамп Украина мен Ресей басшыларының келіссөзін ұйымдастыруға қатыспайтынын мәлімдеді.
Ақ үй көзқарасы
The Guardian жазғандай, Ақ үйдегі дереккөздер Трамп енді келіссөздердің дайындалуын Киев пен Мәскеудің өздері жүргізуі тиіс деп есептейтінін айтқан. Оның ойынша, бұл соғысты аяқтауға бағытталған келесі қадам болуы мүмкін.
Америкалық көшбасшы үшжақты саммитті өз қатысуымен кейінірек, Зеленский мен Путин жеке кездескен соң ғана өткізуді жоспарлап отыр. Әзірге мұндай кездесу өтетіні-өтпейтіні белгісіз.
Бұған дейінгі келіссөздер
Еске салсақ, 18 тамызда Ақ үйде Владимир Зеленский мен ЕО басшыларымен өткен кездесуде Трамп «екі лидердің кездесуін дайындау басталды» деп мәлімдеген еді.
AFP дерегінше, Путин телефон арқылы әңгімелесу кезінде кездесуді Мәскеуде өткізуді ұсынған. Алайда Зеленский бұл ұсыныстан бас тартып, басқа форматтарға дайын екенін білдірген:
«Біз кез келген форматқа дайынбыз. Сондықтан мен бұл ниетімді растадым, әрі барлық еуропалық көшбасшылар қолдады. Біз екіжақты кездесуге дайынбыз».
Қай қалада өтуі мүмкін?
Келіссөз өтетін орын ретінде Будапешт, Мәскеу немесе Женева аталған болатын.