Америка Құрама Штаттары мен Иран Пәкістанның араағайындығымен уақытша бітім жасауға келісті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді. Ол Пәкістан премьер-министрімен сөйлескеннен кейін Иранға соққы беруді екі аптаға тоқтату туралы шешім қабылдағанын жазды. Атысты тоқтату режимі екіжақты сипатта болмақ.
Трамп АҚШ-тың барлық әскери міндеті «артығымен орындалғанын» алға тартты. Сондай-ақ ол Вашингтонның Тегераннан 10 тармақтан тұратын ұсыныс алғанын жеткізді.
«Бұл – келіссөздер жүргізуге қолайлы негіз», – деп атап өтті АҚШ президенті.
Өз кезегінде Иран тарапы Трамптың сөзінен кейін АҚШ-ты жеңгенін мәлімдеді. Ресми Тегеран келіссөздер 10 сәуірде Пәкістан астанасында басталатынын растады. Кездесулер екі аптаға созылады, алайда тараптардың келісімімен бұл мерзім ұзартылуы да мүмкін.
Фото: MicroStockHub/Getty Images

