АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты кезекті қатаң мәлімдемесін жасап, «бүгін түнде тұтас бір өркениет жойылуы мүмкін» деп ескертті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
«Бүгін түнде тұтас бір өркениет жойылады, оны енді ешқашан қалпына келтіру мүмкін болмайды. Мен мұның болғанын қаламаймын, бірақ солай болатын секілді. Алайда, бізде толық режим ауысқаннан кейін, анағұрлым ақылды әрі радикалды емес адамдар билікке келгенде, бәлкім, революциялық керемет бір нәрсе болар, кім біледі? Мұны біз әлемнің ұзақ әрі күрделі тарихындағы ең маңызды сәттердің бірінде – бүгін түнде білетін боламыз», – деді Трамп.
Ол сондай-ақ 47 жылға созылған «бопсалау, жемқорлық пен өлімнің» дәурені аяқталатынын қосты.
Бұған дейін Дональд Трамп егер Тегеран келісімге келмесе немесе Ормуз бұғазын ашпаса, АҚШ Иранның электр станцияларына, көпірлеріне және басқа да инфрақұрылымына соққы беруі мүмкін екенін бірнеше рет ескерткен. 6 сәуірде ол Иранды «бүгін түнде-ақ» бір-ақ түнде жойып жіберуге болатынын мәлімдеген. Сондай-ақ АҚШ президенті Иранға «тозақ» орнататынын айтып, сес көрсеткен еді.
Фото: Әлеуметтік желіден

