АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға әскери соққы жасау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы The New York Times басылымы Ақ үйдегі дереккөздеріне сілтеме жасап мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Басылымның хабарлауынша, Трамп әлі нақты шешім қабылдамаған, бірақ Иран билігінің наразылықты күшпен басып-жаншуына жауап ретінде әскери шара қолдану мәселесін байыппен талқылауда.
Аты-жөнін жасырған шенеуніктердің сөзінше, президентке бірнеше нұсқа ұсынылған. Олардың арасында Тегерандағы әскери маңызы жоқ нысандарды атқылау жоспары да бар.
Ақ үй бұл ақпаратқа қатысты тікелей жауап беруден бас тартып, Трамптың соңғы күндері әлеуметтік желіде жариялаған жазбаларына назар аударумен шектелді.
«Иран АЗАТТЫҚҚА бұрын-соңды болмағандай жақын тұр. АҚШ көмектесуге әзір!!!» — деп жазды Трамп сенбі күні.
Қазіргі уақытта Иранда жаппай наразылықтар 15 күннен бері тоқтамай келеді. Iran International дерегінше, соңғы екі тәулікте қаза тапқандар саны 2000-нан асқан. Алайда бұл мәліметтің әлі де өзгеруі мүмкін екені айтылады.

