Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанның «The News International» газетіне сұхбат беріп, АҚШ президенті Дональд Трамптың саясатына баға берді және Қазақстандағы ауқымды конституциялық реформалар туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы әлемдік саясаттағы бірқатар өзекті мәселеге тоқталып, Қазақстанның ұстанымын білдірді. Атап айтқанда, ол Дональд Трамптың көшбасшылық қасиеттерін жоғары бағалады.
«Президент Трамп – өте тегеурінді әрі көреген көшбасшы. Ол елінің ұлттық мүддесін әрдайым бірінші орынға қояды. Мұны АҚШ экономикасының жоғары көрсеткіштерінен, сондай-ақ қазіргі кезде ел ішінде жүріп жатқан ауқымды реформалардан, әсіресе, әлеуметтік саладағы оң өзгерістерден аңғаруға болады. Мен оның ақыл-парасатқа құрылған саясатын және заң үстемдігін орнатуға бағытталған әрекетін қолдаймын», — деді Тоқаев.
Сондай-ақ, президент Трамптың бастамасымен жүзеге асқан «Ибраһим келісімдерін» болашаққа бағдарланған маңызды қадам деп атады.
«Қазақстан бейбітшілік, тұрақтылық және халықаралық диалог қағидаттарын әрқашан берік ұстанады. Осы келісімге қосылу арқылы біз дипломатияның күшіне сенетінімізді тағы да растадық», — деп атап өтті ол.
Тоқаев БҰҰ-ның қазіргі институционалдық дағдарысын ескере отырып, Дональд Трамп ұсынған Бейбітшілік кеңесі дер кезінде көтерілген өзекті бастама екенін жеткізді.
Газадағы жағдайға қатысты Мемлекет басшысы жанжалды шешудің жалғыз жолы «қос халыққа арналған екі мемлекет» формуласы екеніне сенімді.
«Толассыз қантөгісті тоқтатып, қалыпты өмірге оралуға тек осындай шешім ғана түрткі бола алады», — деді президент.
Украинадағы соғыс туралы айтқанда, Қазақстанның араағайын болуға ұмтылмайтынын, бірақ келіссөздер үшін бейтарап алаң ұсынуға әрқашан дайын екенін растады.
Сұхбат барысында Тоқаев Қазақстан үшін ең маңызды тақырып – жаңа Конституциялық реформаның негізгі бағыттарын атап өтті.
«Қазір біз саяси жаңғырудың мүлдем жаңа кезеңіне қадам бастық. Конституциялық реформа аясындағы ең басты өзгерістердің қатарында бір палаталы парламентке (Құрылтай) өту, Халық Кеңесін құру және Вице-президент лауазымын енгізу секілді бастамалар бар. Адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланады», — деді ол.
Мемлекет басшысы бұл реформа қоғамда ашық талқылануы тиіс екенін атап өткен. Себебі Конституция – кез келген мемлекеттің идеологиялық декларациясы емес, билік пен азамат арасындағы нақты келісімшарт. Осы орайда АҚШ-тың бұрынғы президенті Томас Джефферсонның: «20-дағы жігітке 12 жасындағы бешпетін кигізуге болмайды. Әр заманның адамдары өздеріне керек заңды өздері жасауы тиіс. Сондықтан Конституция өзгеріп тұруы керек», — деген сөзі ойға оралады.
Жобаның жалпы мазмұны Қазақстанның жоспарсыз реакциялардан гөрі, нақты ережелерге сүйенетін мемлекет болуға ұмтылып отырғанын көрсетеді. Бұл посткеңестік кеңістікте сирек кездесетін, бірақ аса қажетті бетбұрыс болып отыр.
Фото: Әлеуметтік желіден

