Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді Көктем мерекесімен (Чуньцзе) құттықтап, екі елдің қарым-қатынасының маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Ақорданың ресми хабарлауынша, Мемлекет басшысы өз жеделхатында Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа қарқынмен дамып келе жатқанына тоқталды.
– Мызғымас достық пен тиімді ықпалдастыққа негізделген сан қырлы қарым-қатынасымыздың тың қарқынмен дамып келе жатқаны қуантады. Осы игі іске Сіздің қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймын. Қазіргідей құбылмалы кезеңде өзара қолдау көрсетіп, халықаралық деңгейде үйлесімді әрекет ете отырып, ортақ мүдделерімізді қорғаудың, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор. Бұл бағыттағы Сіздің берік ұстанымыңызды толық құптаймын, – делінген жеделхатта.
Сонымен қатар, Президент ҚХР Төрағасының жаһандық бастамаларына сәттілік, ал достас Қытай халқына бақ-береке тіледі.
Фото: Әлеуметтік желіден

