Categories Жайық news

Тоқаев: Рамазан айы еліміздегі тарихи кезеңмен тұспа-тұс келді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, бұл айдың рухани тазару мен игі істерге үндейтінін атап өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Президенттің құттықтау сөзі Ақорданың ресми Telegram-арнасында жарияланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Оразаның адам бойындағы асыл қасиеттерді шыңдайтынын жеткізді.

«Бұл – дүние жүзіндегі миллиардтаған жанды рухани тазаруға, жақынына жанашыр әрі қамқор болуға үндейтін мезгіл. Ораза азаматтарды шыдамдылық пен төзімділікке шақырып, халқымыздың бойына қарапайымдылық, жауапкершілік және адалдық сынды асыл қасиеттерді сіңіреді», – делінген Президент құттықтауында.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қасиетті айдың басталуы еліміздегі ауқымды өзгерістер кезеңімен тұспа-тұс келіп отырғанына назар аударды. Ол жаңа Конституция жобасының республикалық референдумға шығарылғанын еске салды.

«Бүгінде Қазақстан ауқымды өзгерістердің, түбегейлі жаңғырудың тарихи кезеңіне қадам басты. Бұл өрлеу және әділеттілік даңғылына түскен мемлекетіміздің даму бағытын айқындайтын Негізгі Заң болмақ», – деп атап өтті Тоқаев.

Президенттің айтуынша, бас құжат мемлекеттілікті нығайтуға, саяси институттардың тиімділігін арттыруға және адам құқықтарын қорғау жүйесін күшейтуге жол ашады.

«Біз дәстүрлі рухани-мәдени құндылықтарымызды қастерлей отырып, Құқық пен Заң үстемдігі, Тәртіп пен Тазалық, Әділдік пен Отаншылдық сияқты мызғымас қағидаттарды терең түсінетін әрі мүлтіксіз сақтайтын ұлттың жаңа болмысын қалыптастырып жатырмыз. Мұның бәрі қасиетті Рамазан айының мәңгілік ұлағатымен толық үндеседі», – деді Мемлекет басшысы.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

Қазақстанда жасанды интеллект университеті ашылады: Президент министрге жаңа тапсырмалар жүктеді

Президент Тоқаев Ғылым министрі Саясат Нұрбекті қабылдады. Жасанды интеллект университетін ашу және ғылымды дамыту мәселелері…

«Бастығыңыз хабарласып тұр»: Қазақстанда телефон алаяқтарының жаңа схемасы пайда болды

Қазақстанда телефон алаяқтарының жаңа түрі тарады. Енді олар өздерін басшы ретінде таныстырып, азаматтардың ақшасын алдап…

Жарты ғасырлық үзілістен соң: NASA астронавтарды Айға қайта аттандырды

NASA 50 жылдық үзілістен кейін алғаш рет Айға астронавттарды аттандырды. «Артемида-2» миссиясы Ай бетіне қайта…