Tesla компаниясы келесі тоқсаннан бастап Model S және Model X электромобильдерін шығаруды тоқтатады, ал олар құрастырылған зауыт адам тәріздес Optimus роботтарын өндіруге қайта жабдықталады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Бұл туралы компания басшысы Илон Маск мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл оңай шешім болмаған, алайда компания енді өз болашағын автономды технологиялар мен робототехникамен байланыстырады.
«Бұл – Tesla-ның ең ескі екі моделінің құрметті демалысқа шығуы», – деп атап өтті Маск.
Компания жылына 1 миллионға дейін Optimus роботын шығаруды жоспарлап отыр. Осылайша, Tesla электромобиль нарығындағы көшбасшылықтан бөлек, робот өндірісінде де жаңа стандарт орнатуға ниетті.
Model S моделі 2012 жылдан бері шығарылып келеді. Ол соңғы рет жақында ғана елеусіз өзгерістерге ұшырап, жүріс қоры арттырылған еді. Ал 2015 жылы таныстырылған Model X кроссовері ұзақ уақыт бойы айтарлықтай жаңартусыз сатылып, тек өткен жылдың соңында ғана біраз жетілдірілді.
Флагмандық модельдер өндірістен алынғаннан кейін Tesla Model 3, Model Y және Cybertruck көліктерін шығаруды жалғастырады.
Фото: x.com/Tesla

