Ақмола облысындағы Бестөбе кентінде орналасқан шахтаға заңсыз кірген ер адам қаза тапты. Оның денесі 600 метрден астам тереңдіктен шығарылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Қайғылы оқиға «Қазақалтын» компаниясына тиесілі «Новая» шахтасында болған. Кеше кешке марқұмның денесі жер бетіне шығарылды.
Полицияның мәліметінше, марқұм – 1991 жылы туған, Степногорск қаласының жұмыссыз тұрғыны. Алдын ала тергеу барысында оның шахта аумағына заңсыз кіргені анықталды.
«Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 269-1 бабының 3-бөлігі (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан, күзетілетін аумаққа құқыққа сыйымсыз кіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – деп хабарлады ведомство.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Фото: Әлеуметтік желіден

