Алматы облысында екі тергеушінің әрекетсіздігі ауыр трагедияға әкеп соқты деген айыппен сотқа тартылды. Прокурорлардың пайымдауынша, полицейлердің салғырттығынан ер адам өлтіріліп, әйел зорланып, екі жасар сәби ұрланған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Еске салсақ, былтыр 6 қыркүйекте Талғар ауданына қарасты Қызылқайрат ауылында ер адамның өлтіріліп, оның екі жасар жиенінің ұрланғаны белгілі болған еді. Техникалық қызмет көрсету станциясының жұмысшысы жергілікті тұрғынды зорлап, бір ай бойы бопсалап келген. Кейін ол әйелдің ағасын өлтіріп, екі жасар қызын алып қашқан.
Полиция қызметкерлері күдіктінің соңына түскен кезде, ол көлікті баламен бірге жардан құлатқан. Қыз бала түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізіліп, ота жасалған. Кейін анықталғандай, сәбидің анасы қайғылы оқиғадан бір ай бұрын зорланғаны туралы полицияға арыз жазған. Алайда тәртіп сақшылары ешқандай шара қолданбай, күдіктіні қамаудан босатып жіберген.
Осы жағдайдан кейін Алматы облысының прокуратурасы полицейлердің әрекетсіздігіне қатысты қылмыстық іс қозғады. Қазір бұл іс бойынша сот жабық режимде өтіп жатыр. Негізгі айыпталушыға 12 қылмыс бойынша айып тағылған. Сондай-ақ сот орындығында кісі өлтіруге және баланы ұрлауға қатысты деп айыпталған екі жасөспірім де отыр.
Фото: Әлеуметтік желіден

