Сурет: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысындағы GREEN ЕСО жылыжай кешеніне барып, заманауи технологиямен көкөніс өсіру процесін көрді. Кешенде негізінен жапырақты көкөністер – салат, шпинат, руккола сияқты пайдалы өнімдер өндіріледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысына кешеннің толық циклді жұмыс істейтінін, яғни тұқым себу, көкөніс өсіру және дайын өнімді өткізуге дейінгі барлық кезең бір жерде жүретінін айтты. Жылыжай жылына 1 мың тоннадан астам өнім шығарады, бұл Қазақстан нарығындағы импорттық көкөністердің үлесін азайтуға мүмкіндік береді.
«Біздің мақсатымыз – еліміздің көкөніске деген сұранысын толық өтеу. GREEN ЕСО сияқты заманауи кешендер экологиялық таза өнім өндіруге жол ашады», — деді Президент.
Кешен басшысы жылыжайда суды үнемдейтін тамшылатып суару жүйесі, жарықтандыру мен жылытуды автоматтандыратын смарт-технологиялар қолданылатынын атап өтті. Бұл өнімнің сапасын арттырып, шығынды азайтады.
Қазіргі таңда GREEN ЕСО өнімдері еліміздің ірі сауда желілерінде сатылады. Алдағы уақытта кешеннің қуатын екі есеге арттыру жоспарланған.

