Categories Қоғам

Әлемдегі ең қауіпті әуежай: Лукладағы Тенцинг-Хиллари

Сурет: Getty

Әлемдегі ең қауіпті әуежай ретінде танылған Непалдың Лукла қаласындағы Тенцинг-Хиллари әуежайының ұшу-қону жолағының ұзындығы небәрі 527 метр, ал ені 20 метр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Салыстырмалы түрде айтсақ, көптеген халықаралық әуежайлардың ұшу-қону жолағының ұзындығы 3 мың метрден асады. Лукла әуежайының тағы бір ерекшелігі – ұшу-қону жолағының 12 пайыздық еңісі. Бұл ұшақтардың қону кезінде жылдамдығын азайтуға көмектеседі. Дегенмен мұнда қателікке орын жоқ. Ұшақ тым ұзап кетсе, тау беткейіне соғылады, ал қонуға ерте төмендесе, терең жартастан құлап кету қаупі бар.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әуежай ашылғаннан бері мұнда 7 ірі апат тіркеліп, 56 адам қаза тапқан. Қауіпті жағдай тек қысқа ұшу жолағымен шектелмейді. Биік таулы аймақта ауа тығыздығының төмен болуы ұшақ қозғалтқыштарының жұмысына әсер етеді. Соның салдарынан ұшақтардың көтерілуі мен тежелуі күрделене түседі.

Сонымен қатар Гималай өңіріндегі ауа райы құбылмалы келеді. Аспан ашық болып тұрып бірнеше минуттың ішінде қалың тұман түсіп немесе қар жауып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайларда ұшақтар кері бұрылып, Непал астанасы Катмандуға қайтуға мәжбүр болады. Мамандардың айтуынша, муссон маусымында жоспарланған рейстердің шамамен жартысы ауа райының қолайсыздығына байланысты кейінге шегеріледі немесе тоқтатылады. Соған қарамастан туристік маусым кезінде әуежайда күніне 50-ге дейін рейс орындалады. Мұндай бағытта тәжірибесіз ұшқыштардың жұмыс істеуіне рұқсат берілмейді.

Непалдың авиациялық талаптарына сәйкес, Луклаға ұшатын ұшқыштардың кемінде бір жылдық жергілікті тәжірибесі болуы керек. Сонымен қатар олар 100-ден астам қысқа қашықтықтағы ұшу мен қонуды орындап, нұсқаушымен бірге 10 сәтті жаттығу рейсінен өтуге міндетті.

Ұқсас жазбалар

Өзбекстандық төреші әлем чемпионатындағы ең төмен бағаны алды

Өзбекстандық төреші Ильгиз Танташев Франция-Парагвай матчындағы төрелігі үшін L'Équipe басылымынан 10 балдың 1-ін алып, әлем…

ЮНЕСКО басшылығы қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтады

ЮНЕСКО басшылығы қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, қазақ халқының ұлттық мұрасы – домбыраны сақтау және…

АҚШ-та 2040 жылға қарай автокөліктерге сұраныс төмендейді

АҚШ-тағы автокөлік нарығы бес жылдан кейін екі миллион көлікке қысқаруы мүмкін. Сарапшылардың дерегінше, 2040 жылға…