Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева сөз бостандығын іске асыру шегі туралы Конституцияға ұсынылған түзетулер сын айтуды шектеуге бағытталмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, бұл норманың негізгі мақсаты – адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін конституциялық деңгейде негізгі құндылық ретінде бекіту.
«Біз сын айту мен адамның ар-намысына тиюдің аражігін ажыратуымыз керек. Қоғамдық талқылауларда, әсіресе әлеуметтік желілерде сын көбіне жеке басқа тиісетін қорлауға ұласып кетеді. Шенеуніктерге қатысты айтылған қатаң пікірлер, егер адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтірмесе, қорлау болып саналмайды», – деді Снежанна Имашева.
Депутат журналистер бұл шекараны жақсы түсінетінін, ал ұсынылып отырған нормалар ең алдымен қарапайым азаматтарды қорлайтын сөздерден қорғауға арналғанын атап өтті.
Фото: Әлеуметтік желіден

