Шымкентте төрт адамды алдап, 95 миллион теңгеге жуық шығын келтірген күдікті Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Бас прокуратураның хабарлауынша, аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікпен іздеуде жүрген азаматты елге қайтару операциясын Бас прокуратура мен ІІМ Интерполы Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен жүргізген. Ол Анталья қаласында ұсталған.
Тергеу мәліметтері бойынша, күдікті 2019-2020 жылдары Шымкент қаласының төрт тұрғынын алдап, олардың ақшасы мен жер телімдерін иемденіп кеткен. Жалпы келтірілген шығын көлемі – 95 миллион теңгеге жуық. Жәбірленушілердің қаржысын иемденген соң, ол жауапкершіліктен жалтару үшін шетелге қашып, бой тасалаған. Осыған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланған болатын.
Қазіргі таңда күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған айыптар бойынша мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Фото: ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі

