Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің әйелі былтыр 88 миллион теңгеден астам табыс тапқан. Бұл сома министрдің емес, оның жұбайының жеке табысы, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Дерек ұлттық экономика министрлігінің сайтында жарияланған. Декларацияға қарағанда, Сәния Садықова 2024 жылы биржадағы бағалы қағаздарға салған инвестицияларынан – дивиденд пен сыйақы түрінде 88 678 984 теңге тапқан.

Жарияланған құжатта бұл табысқа министрдің жалақысы кірмейтіні нақты көрсетілген.
«Отбасының атынан декларацияны Сәния Садықова тапсырған», – делінген ресми мәлімдемеде.
Айта кету керек, биыл шенеуніктер табыс декларациясын өткізу мерзімінен кешіккен. Соған қарамастан, Жұманғарин – 2024 жылға арналған табысы туралы ақпаратты көптің алдында ашық көрсеткен жалғыз министр.

