Categories Жайық news

Райымбек Баталовтың орнын басқан Шарлапаев кім? Ұлыбритания мен Ресей паспорты бар

Қанат Шарлапаев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының жаңа төрағасы болып сайланды. Ол бұл лауазымда белгілі кәсіпкер Райымбек Баталовты алмастырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Шарлапаевтың кандидатурасы 2026 жылғы 23 қаңтарда Астанада өткен палатаның кезекті съезінде бекітілді. Ал төралқаның бұрынғы басшысы Райымбек Баталов съезд шешімімен қызметінен босатылды.

Райымбек Баталовтың қызметтен кетуі мүмкін екені туралы ақпарат 2025 жылдың қазан айында тарағанымен, «Атамекен» ҰКП бұл мәліметті ресми түрде жоққа шығарған болатын. Палата өкілдері «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңға сәйкес, төралқа төрағасын тағайындау және босату тек съезд шешімімен ғана мүмкін екенін еске салған еді.

Қанат Шарлапаев 1981 жылы 9 шілдеде Ресей Федерациясының Саратов облысында дүниеге келген. Ол екі жоғары оқу орнын тәмамдаған:

  • Саратов әлеуметтік-экономикалық университеті, «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы;
  • Ұлыбританиядағы Cranfield School of Management мектебі, «Қаржы және басқару» бағыты бойынша магистр дәрежесін алған.

Кәсіби мансабын 2006 жылы Ұлыбритания мен Чехияда Citi инвестициялық банкінде бастады. 2015-2020 жылдары «Ситибанк Қазақстан» және «Ситибанк Ресей» құрылымдарында қаржы директоры, басқарма төрағасының орынбасары және аға вице-президент сияқты басшылық қызметтерді атқарды.

2020-2022 жылдары Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмыс істеп, Африка, Таяу Шығыс және Шығыс Еуропаның дамушы нарықтарында стратегия, жоспарлау және талдау бойынша өңірлік директор болды.

Қазақстандағы мемлекеттік қызметін 2022 жылдың ақпанында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы ретінде бастады. Сол жылы Bereke Bank директорлар кеңесін басқарды. 2023 жылдың 4 қыркүйегінде Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі болып тағайындалды. Одан кейін регби федерациясын басқарып, ҚР Президентінің көмекшісі қызметін де атқарды.

Шарлапаев «Атамекен» ҰКП басшысы болып тағайындалғаннан кейін оның шетелдік азаматтығына қатысты сұрақтар туындады. Қоғамда ол Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін Ұлыбритания төлқұжатынан бас тартты ма деген сауал талқыланды.

Журналист Дмитрий Шишкин Қанат Шарлапаевтың 2023 жылдың қарашасында Ұлыбритания азаматтығынан шыққанын растайтын ресми құжатты жариялады. Оның айтуынша, бас тарту процесі Қазақстан азаматтығын алуға өтініш берген кезде қатар басталған.

Сондай-ақ, Шарлапаевтың тумысынан берілген Ресей азаматтығынан бас тартқаны да ресми түрде хабарланған. Онымен бірге Мәскеуде туған қызы да Ресей азаматтығынан шыққан. Тиісті жарлыққа РФ президенті Владимир Путин қол қойған.

«1981 жылы 9 шілдеде Саратов облысында туған Шарлапаев Қанат Бисембайұлының және оның қызы, 2017 жылы 5 сәуірде Мәскеу қаласында туған Шарлапаева Дана Қанатқызының Ресей Федерациясының азаматтығынан шығу туралы өтініші қанағаттандырылсын», — делінген 2022 жылғы 18 қарашадағы құжатта.

Қанат Шарлапаев үйленген, үш бала тәрбиелеп отыр. Оның әкесі Бисембай Шарлапаев – Ресейдің Саратов облысы Маркс ауданы депутаттар жиналысының бұрынғы депутаты.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

Динара Құлыбаева негізін қалаған қор ҚБТУ-ға қайтадан иелік ете бастады

Динара Құлыбаева негізін қалаған қор Қазақстан-Британ техникалық университетіне қайтадан ие болды. Тарихи ғимарат мемлекет меншігіне…

Өзбекстан кедейлікпен күресті күшейтті: 4 мың отбасыға 50 сотық жер тегін беріледі

Өзбекстанда кедейлікті азайту мақсатында 4 мың отбасыға 10 жылға 50 сотық жер тегін беріледі. Басты…

БИЛІК ПЕН ҚОҒАМ АРАСЫНДАҒЫ АШЫҚ ДИАЛОГ

Бүгін БҚО қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға аймақ басшысының орынбасарлары, өңірдегі барлық деңгейдегі қоғамдық…