Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы Қосшы қаласында 10 жасар қыздың өліміне қатысты қызметтік тергеу жүргізеді. Бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек ведомствоның Instagram-дағы ресми парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, тексеріс жан-жақты әрі объективті болады. Бұл қайғылы оқиға жедел жәрдем қызметінің жұмысына қатысты мәселені қайта көтерді. Себебі Қосшыда мұндай жағдай бірінші рет болып отырған жоқ.
2024 жылдың жазында «103» пультінде шақырту қабылдайтын қызметкер сот алдында жауап берген еді. Сот материалдарына сәйкес, ол кеуде тұсының ауырсынуы мен гипертензияға шағымданған науқастың шақырту санатын біріншіден төртіншіге өзгертіп жіберген.
Регламент бойынша шұғыл бригаданың орнына шақырту емханаға жіберілген. Нәтижесінде марқұм Жасминге барған сияқты, бұл науқасқа да реанимациялық жабдығы жоқ көлік келген.
Ақыры пациентке «шұғыл емес» науқас ретінде көмек көрсетілген. Әйел Астанадағы ауруханаға өз бетінше жетіп, дәрігерлер оған миокард инфарктісі мен ауыр асқынулар диагнозын қойған. Науқас сотқа жүгініп, істі жеңіп шықты.
Осы шулы процесс аяқталмай жатып, қалада тағы бір ер адам көз жұмды. Ол әлсіздікке, іштің ауруы мен құсуға шағымданып, жедел жәрдем шақырған. Бұл шақырту да төртінші санатқа жатқызылған.
Медиктердің өздері инфаркт белгілері асқазан ауруына ұқсас болуы мүмкін екенін мойындайды. Алайда шақыртуды сұрыптайтын қызмет мамандарының аса сақ болғаны жөн. Өйткені пациент – дәрігер емес. Ол өз шағымын сауатты жеткізіп, өміріне қаншалықты қауіп төніп тұрғанын бағалауға міндетті емес. Бұл жұмысты мамандар атқаруы керек.
Осыдан кейін «төртінші санат» көлік, кадр, уақыт үнемдеудің амалына айналып кетпеді ме?» деген сұрақ туындайды. Мектеп оқушысының өліміне қатысты ресми тексеру енді басталды, қорытынды шығаруға әлі ерте. Бірақ Қосшыда шақыртуды дұрыс бағыттамаудың соңы сот пен трагедияға ұласып жатқаны мәселенің тек адами факторға ғана емес, жедел жәрдем жұмысының жүйесіне тікелей қатысты екенін көрсетеді.

