Categories Қоғам

Қорғаныс министрлігінің курсанттары армияның практикалық міндеттерін шешуге арналған прототиптер әзірлеуде

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында ғылыми-зерттеу қызметі аясында курсанттар авиациялық қауіпсіздік, тұрақты байланыс және қашықтан басқару салаларындағы нақты міндеттерді модельдейтін оқу-инженерлік прототиптер әзірлеуде. Бұл жобалар болашақ офицерлерді практикалық даярлаудың маңызды бөлігі болып табылады, мұнда теориялық білім бірден тәжірибе жүзінде қолданылады.

  Осындай жобалардың бірі — аэродромдардағы орнитологиялық қауіп-қатерлерді төмендету тәсілдерін зерттеуге арналған биоакустикалық прототип. Дыбыстық және ультрадыбыстық әсерді үйлестіре отырып, курсанттар мұндай шешімдердің тиімділігін, сондай-ақ қауіпсіздік тұрғысынан ескерілуі тиіс шектеулерді талдайды.

  Тағы бір бағыт дала жағдайында тұрақты байланысты қамтамасыз етуге арналған. Жедел хабарлау мобильді құрылғысы ұялы байланыс желілерінсіз командаларды жеткізу жүйесін модельдейді және басқару иерархиясын, хабарламаларды криптографиялық қорғауды, сондай-ақ автономды қорек көзін қарастырады. Бұл әзірлеме болашақ офицерлерге төтенше жағдайлар мен радиокедергілер кезінде басқару қағидаттарын тәжірибе жүзінде түсінуге мүмкіндік береді.

  Үшінші бағыт — Long Range технологиясын қолданатын қашықтан басқару аппаратурасының жұмыс істейтін оқу макеті. Ол радиотолқындардың таралуы мен антенналарға қатысты пәндерді оқыту барысында пайдаланылады және энергияны ең аз тұтыну жағдайында алыс қашықтыққа сымсыз байланыстың мүмкіндіктерін көрнекі түрде көрсетеді.

  Жобалардың ғылыми жетекшісі, PhD докторы, арнайы пәндер кафедрасының оқытушысы полковник Владимир Арсеньевтің айтуынша, ұсынылған әзірлемелер бастапқыда оқу прототиптері ретінде қарастырылады.

  — Олардың басты құндылығы — әзірлеу үдерісінің өзінде: міндет қоюдан бастап инженерлік есептеулерге, бағдарламалауға, сынақтан өткізуге және нәтижелерді талдауға дейін. Сонымен қатар бірқатар жобалар бойынша жұмыс жалғасып, олар магистрлік диссертациялардың негізіне айналуы және ғылыми-зерттеу қызметі аясында әрі қарай дамуы мүмкін, — деп атап өтті ол.

  Осындай оқыту форматы курсанттарға оқу кезеңінің өзінде-ақ кейінгі қызметіне қажетті, байланыс, басқару және қауіпсіздік салаларындағы заманауи жүйелермен жұмыс істеуге бағытталған практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Болашақ офицерлер дайын шешімдерді пайдаланумен ғана шектелмей, олардың қалай жасалатынын және нақты жағдайларға қалай бейімдеуге болатынын терең түсінуді үйренеді.

Ұқсас жазбалар

Обсудили строительство промышленного парка в Павлодарской области

Роман Скляр обсудил с руководством XINFA GROUP г-ном Чжао Тинъюном строительство промышленного парка в Павлодарской…

Волна обсуждений НДС и цен в соцсетях: кто и что за этим стоит

Пользователи соцсетей активно делятся своими наблюдениями и негативным отношением к росту цен и НДС. При…

ІІМ: 85 миллионнан астам алаяқтық қоңыраудың жолы кесілді

Полиция 2025 жылы байланыс операторларымен бірлесіп, 19 миллионнан астам жалған қоңырауды бұғаттады,  — деп хабарлайды…