Қазақстандағы бюджет тапшылығы: Дағдарыстың белгісі ме, әлде қалыпты құбылыс па?

2024 жылы Қазақстанның бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 2,7%-ын құрады. Бұл көрсеткіш бір қарағанда алаңдатарлықтай көрінуі мүмкін. Алайда, қаржы саласының сарапшылары бұл көрсеткіштің – қалыпты құбылыс екенін алға тартады. Себебі бүгінде бүкіл әлем «борыштық экономика» жағдайында өмір сүруде. Бұл туралы ZhaiyqMedia ақпарат агенттігі хабарлайды.

Халықаралық тәжірибе: Тапшылық – әлсіздік емес, стратегиялық құрал

Қазіргі әлемде бірде-бір ірі экономика бюджет тапшылығынан толықтай бас тарта алмай отыр. Мысалы, АҚШ, Жапония, Франция және Италия сынды алпауыт елдер жыл сайын тапшылықпен өмір сүріп, оны инфрақұрылым, әлеуметтік қолдау және қорғаныс сияқты стратегиялық салаларға бағыттап келеді.

Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев бұл жағдайға былай түсініктеме береді:
«АҚШ ондаған жыл бойы тұрақты бюджет тапшылығымен өмір сүріп келеді, бірақ ешкім оларды банкрот болды демейді. Жапонияда мемлекеттік қарыз ІЖӨ-нің 250%-нан асады, алайда олар технология мен инфрақұрылымды дамытуын тоқтатқан жоқ», – дейді ол.

Қазақстанның жағдайы – халықаралық талаптарға сәйкес

Қазақстанда бюджет тапшылығы Еуроодақтың 3% шегінен аспай, 2,7%-ды құрап отыр. Бұл – ЕО елдерінің өзіндегіден әлдеқайда жақсы көрсеткіш. Мәселен, Францияда бұл көрсеткіш – 5,4%, Италияда – 3,3%, ал Жапонияда – 7%-дан асады.

Расул Рысмамбетов, қаржы сарапшысы:
«Бюджет тапшылығының өзі емес, оның мақсаты мен құрылымы маңызды. Егер тапшылық нақты даму жоспарларына, экономиканы жандандыруға бағытталса – бұл болашаққа салынған инвестиция», – дейді.

Бюджет тапшылығы – дағдарыстың емес, өсудің көрінісі

Тапшылықты экономикалық тұрғыдан қарастырғанда, ол көбіне мемлекеттің даму стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастырылады. Әсіресе, экономикалық өсімді ынталандыру, дағдарыс салдарын еңсеру және халыққа әлеуметтік көмек көрсету кезеңдерінде бұл құрал аса өзекті.

Қазақстан соңғы жылдары COVID-19 пандемиясы, табиғи апаттар (су тасқыны, құрғақшылық), сыртқы санкциялар және энергия нарығындағы тұрақсыздықпен бетпе-бет келіп отыр. Бұл факторлар бюджеттік шығындарды арттырып, уақытша тапшылыққа себеп болды.

Мәселен, пандемия кезінде 4,5 млн адамға қаржылай көмек көрсетілсе, 2023 жылғы су тасқыны салдарынан 9 156 үйге жөндеу жүргізіліп, 2 680 үй қайта салынды. Бұл мақсатқа 100 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

Маңыздысы – ашықтық пен тиімділік

Сарапшылар бюджет тапшылығының өзі емес, оның қалай басқарылатыны маңызды екенін айтады. Егер қаржы нақты жоспармен, төмен пайызбен және қайтарыммен алынса, ол ел экономикасын күшейтеді.

«Тапшылық – бұл сырқат емес, симптом. Қорқыныштысы – бейберекет қарыз алу. Ал бәрі ашық әрі түсінікті болса, тапшылық ел үшін жұмыс істейтін тетікке айналады», – дейді Чеботарев.

Қоғамдық сана мен коммуникация

Расул Рысмамбетовтың пікірінше, халықтың тапшылыққа деген теріс көзқарасы посткеңестік кезеңнің тарихи жадымен байланысты.
«Коммуникация дұрыс жүрсе, халық тапшылықты дағдарыс емес, өршіл жоспардың көрінісі ретінде қабылдайды. Мемлекет неге қарыз алады, қайда жұмсайды, қалай қайтарады – осыны түсіндіру маңызды», – дейді сарапшы.

Қорыта айтқанда:
Қазақстандағы бюджет тапшылығы – дабыл қағатын емес, бақылауда тұрған қалыпты құбылыс. Ең бастысы – бұл тапшылық тиімді, мақсатты және ашық түрде басқарылып отыр. Ел билігі әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық өсімді сақтау мақсатында дұрыс қаржылық шешімдер қабылдауда. Мұндай жағдайда тапшылық – болашаққа бағытталған инвестиция ретінде қарастырылуы керек.

Ұқсас жазбалар

Түркістан облысында әкесін қорлады деген күдікке ілінген ер адам қамауға алынды

Түркістан облысында әкесін қорлады деген күдікке ілінген ер адам қамауға алынды,-деп хабарлайды Жайықмедиа.кз. Түркістан облысының…

Трамп: АҚШ ХАМАС-пен кепілдегілер бойынша келіссөз жүргізіп жатыр

АҚШ ХАМАС-пен кепілдегілер бойынша келіссөз жүргізіп жатыр,-деп жазады Жайықмедиа.кз. АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның ХАМАС…

Жапония премьер-министрі қызметінен кетуге дайын

Жапония премьер-министрі қызметінен кетуге дайын,-деп хабарлайды Жайықмедиа.кз. Жапония премьер-министрі Сигэру Исиба отставкаға кету туралы шешім…