Қазақстанда жасанды интеллект (ЖИ) қызметін реттейтін жаңа заң күшіне енді. Құжат адам құқығының басымдығын бекітіп, ЖИ жүйелерін пайдалануға қатысты жауапкершілікті нақтылайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Заңның негізгі қағидаты – адам басымдығы. Яғни, жасанды интеллект адамдарды саналы шешім қабылдау құқығынан айырмауы тиіс. Енді азаматтардың деректерін ЖИ өңдейтін болса, оларға міндетті түрде ескертіліп, оның салдары түсіндірілуі керек.
Сонымен қатар құжатта жүйенің жұмысына оның иесі, пайдаланушысы және әзірлеушісінің жауапкершілігі нақты бөлінген. Жасанды интеллект жүйелері тәуекел деңгейіне қарай төменгіден жоғарыға дейін жіктелді. Тәуекелі жоғары санаттағы жүйелерге қауіпсіздік талаптары мемлекеттік жүйелермен бірдей қойылады.
Жаңа заң бойынша мынадай жасанды интеллект жүйелерін қолдануға қатаң тыйым салынды:
- адамдарды манипуляциялайтын;
- адамдардың әлсіз тұстарын (жасы, денсаулығы, әлеуметтік жағдайы) пайдаланатын;
- дискриминацияға жол беретін;
- рұқсатсыз адамның эмоциясын анықтайтын;
- дербес деректер туралы заңдарды бұзатын;
- тыйым салынған контент жасайтын.
Маңызды бір жайт, жасанды интеллектінің көмегімен жасалған кез келген контент міндетті түрде таңбалануы тиіс. Ал авторлық құқық тек адамның шығармашылық үлесі болған жағдайда ғана мойындалады.
Фото: Әлеуметтік желіден

