Қазақстанда медициналық ұйымдардағы «қосымша жазбалармен» (приписки) күрес нәтижесінде 4,7 млрд теңге бюджет қаржысы үнемделді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Цифрлық сәйкестендіру
2024 жылдың тамызынан бастап елде пациенттерді цифрлық сәйкестендіру жобасы енгізілді. Медициналық көмекке жүгінген азаматтар енді суретке түсіріледі. Мұндағы мақсат – жасанды түрде қосылған қызметтерді болдырмау. Ресми деректерге сәйкес, осы тәсілдің арқасында негізсіз медициналық қызметтер көлемі 6%-ға қысқарып, мемлекетке миллиардтаған қаржы үнемделді.
Құжаттарды цифрландыру
Сонымен қатар, ең көп сұранысқа ие 8 медициналық анықтама электрондық форматқа ауыстырылды. Олардың қатарында:
-
073/у — көлік құралын басқаруға рұқсат;
-
075/у — медициналық анықтама;
-
052-2/у — баланың денсаулық паспорты;
-
026/у — ВКК қорытындысы;
-
069/у — санаторий-курорт картасы;
-
076/у — қару ұстауға рұқсат алу;
-
038/у — уақытша еңбекке жарамсыздық қағазы.
Үкімет қағаз түріндегі еңбекке жарамсыздық парақтарын толық алып тастауға уәде берді. Бұл медициналық қызметкерлердің жұмыс жүктемесін 40%-ға дейін төмендетеді деп күтілуде.
ЖИ енгізу жоспары
2025 жылғы қыркүйектен бастап денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект негізінде «Дәрігер көмекшісі» жүйесін енгізу көзделген. Ол диагностика сапасын арттырып, қателіктерді азайтуға мүмкіндік береді.
Контекст
Айта кетейік, 2024 жылдың соңында еліміздегі медициналық ұйымдарда 208 млн теңгеге 23 мыңнан астам жалған жазба анықталған болатын. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медициналық ұйымдарға қатысты мұндай заңсыздықтарға қатаң шара қолданылатынын, тіпті лицензиясынан айыруға дейін баратынын ескерткен еді.