Categories Жайық news

Қазақстан нарығын фастфуд жаулап алды: Сарапшы денсаулыққа төнетін қауіп туралы ескертті

Қазақстанда қоғамдық тамақтандыру нарығының тең жарымына жуығын фастфуд иеленген, ал пайдалы тағамдар үлесі тым аз. Бұл үрдіс халық денсаулығына елеулі қауіп төндіріп, мемлекеттің денсаулық сақтау саласына қосымша салмақ түсіруі мүмкін, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

INFOLine талдаушыларының дерегінше, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға өскен. Бұл өсім негізінен Алматы мен Астана қалаларының есебінен болып отыр. Алайда, жалпы айналымның 40-45%-ын фастфуд құрайды.

Qazaq Expert Club сарапшысы Лаура Әутелееваның айтуынша, еліміздегі қоғамдық тамақтандыру орындарының 28,9%-ы, яғни үштен бірі дерлік жылдам тамақтану сегментінде жұмыс істейді.

«Бұл ретте «пайдалы фастфуд» үлесі небәрі 3-4% деңгейінде қалып отыр. Егер жағдай өзгермесе, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 7-8%-дан асуы екіталай», – дейді сарапшы.

Маман пайдалы тағам сегментінің дамымай қалуына бірнеше жүйелі кедергі бар екенін атап өтті:

1. Өзіндік құнның жоғары болуы. Сапалы шикізат, сақтау мерзімінің қысқалығы және тұрақты жеткізілім қажеттілігі «пайдалы» ас мәзірін қарапайым фастфудтан 25-40%-ға қымбаттатады.
2. Импортқа тәуелділік. Жергілікті шикізат болғанымен, көптеген ингредиент (суперфуд, қантсыз соустар, өсімдік майлары) шетелден тасымалданады.
3. Инфрақұрылымның нашарлығы. Шикізатты өңдеу, салқын логистика және өнімді қадағалау жүйесінің әлсіздігі үлкен кедергі келтіреді.
4. Баға бәсекесі. Ірі фастфуд желілері арзан жергілікті шикізатты, дәм күшейткіштерді және ұзақ сақталатын қоспаларды пайдаланып, бағаны төмен ұстайды.

Терең өңделген өнімдердің құрамында калория, тұз, қант және транс-майлардың шамадан тыс көп болуы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасында да көрініс тауып отыр. 2024 жылғы деректер 2023 жылмен салыстырғанда келесі аурулардың өскенін көрсетеді:

  • Семіздік – 9 122 жағдай тіркеліп, 3%-ға жуық өскен;
  • Жүрек-қан тамырлары аурулары – 3 740 945 жағдай, 5%-ға өскен;
  • I типті қант диабеті – әр 100 мың адамға шаққанда 328,3 жағдай, 6%-ға өскен.

Бұл үрдіс тек халықтың денсаулығына ғана емес, сонымен қатар болашақта денсаулық сақтау саласына жұмсалатын мемлекеттік шығындарға да әсер етеді. Сонымен қатар, импортқа тәуелділік валюта бағамының құбылуы кезінде бағаның өсуіне және бизнес тұрақтылығына қауіп төндіреді.

Сарапшы жағдайды өзгерту үшін «фермер → өңдеу → қоғамдық тамақтандыру» тізбегін қалыптастыру, мемлекеттік қолдау бағдарламалары мен субсидиялар арқылы экономикалық ынталандыру және халық арасында дұрыс тамақтану мәдениетін дамыту қажет деп санайды.

«Мысал ретінде АҚШ-ты алуға болады: ондағы FDA (Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы) ұсынған талаптардың қатаң болғаны сонша, USDA (Ауыл шаруашылығы министрлігі) базасындағы жемістердің 58%-ы және көкөністердің 35%-ы сол талаптарға сай келмей қалған. Бұл нормаларды әзірлеу ғалым-диетологтардың қатысуын және жергілікті ерекшеліктерге бейімдеуді қажет ететінін көрсетеді», – деп түйіндеді Лаура Әутелеева.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

A vintage typewritten quote promoting culture over violence on aged paper.

Асқар Жұмаділдаев дауы: Философ филологиядағы стратегиялық қатені атады

Философ Қанағат Жүкешев математик Асқар Жұмаділдаевтың «керек емес сөздер» туралы пікірін талдап, тілдің күрделенуіне ғалым…

Vibrant collection of books on shelves for reading, research, and education.

Қазақ тілінің ғасырлық тоқырауы: Филологтар ана тіліне соққы берді

Отандық филологтар тілді стандарттау үдерісін елемей, қазақ тілін ғасырлық тоқырауға ұшыратты. Сарапшылар мұны ұлт трагедиясы…

Hands holding Kazakhstan tenge bills with financial chart and graphs on computer screen.

Қазақстандағы инфляция: Сарапшы бағаны өсіретін үш негізгі қауіпті атады

Qazaq Expert Club сарапшысы Венера Жанәлина 2026 жылы инфляцияға әсер ететін негізгі факторларды атады. Экспорттың…