Қара теңіздегі негізгі порттағы кезекті іркілістерге байланысты қазақ мұнайын жөнелту қайтадан күрт азайды. Ауа райының қолайсыздығы, техникалық қызмет көрсету және дрон шабуылдарынан келген зақым мұнай бағасының қымбаттауына алып келді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Bloomberg хабарлауынша, осы айда CPC Blend маркалы мұнайды жөнелту тәулігіне 800-900 мың баррельді құрайды. Бұл – желтоқсан айының ортасында күтілген көлемнен шамамен 45%-ға аз. Жүк тиеу кестесін бақылайтын трейдерлердің айтуынша, бастапқыда жөнелтуге жоспарланған қазақстандық 45 кеменің кемінде 21-інің сапары тоқтатылған.
Мұнай нарығы биыл негізінен Венесуэла мен Ирандағы жағдайларға назар аударғанымен, Каспий құбыр консорциумындағы (КТК) мәселелер мұнай ұсынысына әлдеқайда қатты әсер етті. Себебі Қазақстан өндірген барлық мұнайды балама бағыттармен экспорттай алмайды, бұл өндіріс көлемін шектеуге мәжбүрлейді.
Қара теңіздегі терминалдағы іркілістер бірнеше аптадан бері жалғасып келеді. Қолайсыз ауа райы жұмысты бірнеше рет тоқтатса, екінші айлақты жөндеуден кейін іске қосу кешіктірілді. Нәтижесінде тек бір ғана нысан үзіліспен жұмыс істеп тұр. Ал тағы бір айлақ қараша айының соңында Украина қарулы күштерінің дрондарынан зақымданған болатын. Қазақстан толық өндірістік қуатты сақтау үшін КТК-да бір уақытта екі айлақтың жұмыс істеуі, ал үшіншісі резервте тұруы қажет.
Дереккөздердің хабарлауынша, КТК құбыр жүйесі сақтау резервуарларының толып кетуіне байланысты мұнай қабылдауды қайтадан тоқтатқан.
Өткен жылы Қазақстан тәулігіне шамамен 1,8 млн баррель мұнай өндірді. Елдің ішкі тұтыну және КТК-дан басқа бағыттар арқылы экспорттау мүмкіндігі осы көлемнің жартысына жуығын ғана құрайды. Бұл ұзаққа созылған шектеулер өндірістің төмендеуіне әкелуі мүмкін екенін білдіреді.
Іркілістер CPC Blend маркалы мұнайдың қолжетімділігін азайтып, соңғы бір жылда алғаш рет оның баға дифференциалының оң аймаққа өтуіне себеп болды. Жақында мұндай партиялардың бірі Dated Brent баға белгілеуіне қатысты бір барреліне 1,20 долларға дейін үстеме бағамен сатылған.
Әдетте КТК көлемінің шамамен 90%-ы қазақ мұнайына тиесілі. Ресейлік мұнай үлесі тәулігіне 150 мың баррельді құраса да, бұл ағындар Каспий теңізіндегі «Лукойл» нысандарына жасалған дрон шабуылдарынан кейін күрт азайған.
Фото: Әлеуметтік желіден

