Синоптиктер 31 қаңтар мен 2 ақпан аралығында Қазақстанның басым бөлігінде ауа райының қолайсыз болатынын ескертті. Еліміздің көптеген өңірінде қар жауып, боран соқса, оңтүстік пен оңтүстік-шығыста жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын күтіледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
«Қазгидромет» мамандарының болжамынша, мұндай құбылмалы ауа райына атмосфералық фронттар тікелей әсер етеді. Осыған байланысты кей өңірлерде тұман түсіп, жел күшейеді. Ал батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарында көктайғақ болады.
Дегенмен, антициклон сілемінің ықпалымен орталық және шығыс аймақтарда ауа райы негізінен жауын-шашынсыз болады деп күтілуде.
Алдағы күндері өңірлердегі ауа температурасы келесідей болады:
Солтүстік облыстарда түнде термометр бағаны –23…–12 градусқа дейін төмендесе, күндіз –18…–8 градус аязды көрсетеді. Орталықта түнде –17…–5, күндіз –10…0 градус болады.
Еліміздің оңтүстігінде ауа температурасы түнде –7-ден +6 градусқа дейін, күндіз +3-тен +13 градусқа дейін ауытқиды. Оңтүстік-шығыста түнде –10…0 градус, таулы аймақтарда –17…–12 градусқа дейін суытады. Күндіз +3…+10 градус жылы, ал тауларда –3…+2 градус аралығында болады.
Фото: pexels.com

