Қазақстанның басым бөлігінде ақпан айының алғашқы күндері ауа райы құбылмалы болады. Синоптиктер қар, бұрқасын, оңтүстік өңірлерде қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болатынын болжады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 31 қаңтар мен 2 ақпан аралығында ел аумағының басым бөлігі атмосфералық фронттардың ықпалында болады. Осыған байланысты тұрақсыз ауа райы сақталады: қар жауып, бұрқасын соғады.
Еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында жауын-шашын қар аралас жаңбырға ұласады, кей жерлерде қатты жаууы мүмкін. Ал орталық пен шығыс өңірлерде антициклон әсерінен күн жауын-шашынсыз болады деп күтілуде.
Өңірлер бойынша ауа температурасы да әртүрлі болады. Елдің солтүстігінде түнде сынап бағанасы -12…-23 градусқа дейін төмендесе, күндіз -8…-18 градус аяз сақталады. Орталықта түнде -5…-17°C, күндіз 0…-10°C аралығында болмақ. Оңтүстік өңірлерде әлдеқайда жылы: түнде -7…+6°C, күндіз +3…+13°C. Ал оңтүстік-шығыста түнде 0…-10°C (таулы аймақтарда -12…-17°C), күндіз +3…+10°C (таулы аймақтарда -3…+2°C) болады.
Фото: Әлеуметтік желіден

