Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында Путин Тоқаевты конституциялық референдумның сәтті өтуімен құттықтады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Ақорданың ресми мәліметінше, Ресей басшысы Мемлекет басшысын Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі жалпыұлттық референдумның табысты өтуімен құттықтаған.
Сонымен қатар президенттер екіжақты қарым-қатынастың күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің мамыр айының соңына жоспарланған мемлекеттік сапарына ерекше тоқталды.
Мемлекет басшысы бұл сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық байланыстарды нығайту тұрғысынан айрықша мәнге ие екенін атап өтті.
Өз кезегінде Владимир Путин Астанада өтетін алдағы келіссөздерге берілген бағамен келісетінін жеткізді. Ол екіжақты ынтымақтастық барлық стратегиялық салада қарқын алып келе жатқанына назар аударды.
Фото: Әлеуметтік желіден

