Сурет:Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында бірқатар өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды аралап, өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысымен танысады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы облыс жұртшылығымен кездесуді жоспарлап отыр.
Жұмыс сапары фармацевтикалық саладағы кәсіпорындардың қызметімен танысудан басталды. Президент алдымен «Әмір және Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Кәсіпорын медициналық бұйымдар мен дәрілік заттар өндіруге маманданған. Мемлекет басшысына медициналық препараттар мен дайын өнім шығаратын негізгі цехтың жұмысы таныстырылды.
Аталған кәсіпорын әлеуметтік маңызы бар ауруларды анықтауға арналған жедел тестілердің бірнеше түрін шығарады. Олардың қатарында В және С гепатиті, ВИЧ-инфекциясы, миокард талмасы, сондай-ақ есірткі және психотропты заттарды анықтауға арналған тестілер бар. Қазіргі таңда кәсіпорында 200-ден астам медициналық бұйым түрі өндіріледі, мұнда 94 адам еңбек етеді.
Сонымен қатар Президентке «Super-pharm» фармацевтикалық компаниясының қызметі туралы ақпарат берілді. Бұл – еліміздегі медициналық бұйымдар өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі. Зауытта 600-ден астам қызметкер жұмыс істейді және отандық нарықтағы бір реттік медициналық бұйымдарға деген сұраныстың шамамен 30 пайызын қамтамасыз етеді.
Компания хирургиялық және процедуралық жиынтықтар, медициналық бетперделердің барлық түрі, бір реттік қорғаныш киімдері, санитарлық-гигиеналық бұйымдар, сондай-ақ шприцтер, инфузионды және қанды қайта құюға арналған жүйелерді өндіреді.
Президент отандық фармацевтика индустриясын дамыту импортқа тәуелділікті азайтып, ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

