Көптен күткен баспана кезегінен айырылып қаламын деп алаңдағандар үшін жақсы жаңалық бар. «Отбасы банк» тұрғын үй кезегіне қатысты ең жиі кездесетін мәселелер бойынша бірқатар маңызды өзгеріс енгізіп, азаматтардың құқығын қорғауды қолға алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Бұдан былай азаматтар, оның ішінде жетім балалар тұрғылықты тіркеу орнын ауыстырса да, кезекке алғаш тұрған аймақтағы орны сақталады. Яғни, басқа қалаға көшсеңіз, кезегіңіз күйіп кетпейді және мемлекеттік қолдауды бұрынғы өңірден ала береді.
Ең басты жаңалықтың бірі – баспанадағы шағын үлеске қатысты. 2026 жылдың ақпанынан бастап азаматтың атында тұрғын үйде аз ғана үлесі болса да, бұл жеңілдетілген ипотека немесе жалдамалы пәтер алуға кедергі болмайды.
Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау шараларына қатысты тағы бірнеше маңызды мәселе шешімін тапты. Мысалы, бау-бақша учаскесінде орналасқан саяжайдағы үй нағыз тұрғын үй болып есептелмейді, сондықтан кезекке тұруға кедергі жасамайды. Егер азамат өзіне берілген пәтерде іс жүзінде тұрмай, келісімшартты ресми түрде бұзса, қайтадан кезекке тұру құқығын сақтап қалады.
Жетім балалар мен мүгедектігі бар жандарға да жеңілдіктер қарастырылған. Енді олардың табысы жеткіліксіз болса да, бағдарламаға қатысуына мүмкіндік бар. Қажет болған жағдайда екі бірдей кепілгер тартуға рұқсат етілді.
Банк кезекке қою кезінде кеткен қателіктерді де реттеу жолын ұсынды. Егер отбасы құрамында бөгде адамдар көрсетілсе, растайтын құжаттар арқылы оларды тізімнен шығаруға болады. Сондай-ақ, өңір шекарасы өзгерген жағдайда немесе деректер қате енгізілсе, оны арыз жазу арқылы түзетуге мүмкіндік бар.

