ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өңір әкімдерімен кеңес өтті. Күн тәртібінде «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру, туризмді дамыту, мемлекеттік орман қорына 2 млрд ағаш отырғызу және экопарктер құру мәселелері талқыланды. Жиынға облыс әкімінің уақытша міндетін атқарушы Тілепберген Каюпов селекторлық режимде қатысты.
2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында аймақта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Былтыр елді мекендерде 242 мыңнан астам ағаш егілсе, биыл қосымша 47,2 мың түп көшет отырғызылады. Су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқап көлемі 11 713 гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға артты. Сонымен қатар, 27 мыңнан астам SCADA датчигі орнатылып, қайталама шикізат қабылдайтын 3 заманауи пункт іске қосылды.
Экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында 74 мың оқушыға дәріс оқылып, «Экобалабақша» жобалары ұйымдастырылды. Тазалық науқандарына 12 мыңнан астам ерікті қатысты. Халықпен кері байланыс орнату үшін «Taza Qazaqstan» телеграм-боты іске қосылып, бүгінге дейін түскен 658 өтінімнің басым бөлігі оң шешілді.
Өңірдің туристік әлеуеті артып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 38 024 туристке 3,6 млрд теңгенің қызметі көрсетілді. Қазіргі таңда 6 туроператор мен 45 турагенттік жұмыс істеуде. 2027 жылға дейін құны 17 млрд теңгені құрайтын 7 жобаның пулы іріктеліп, өткен жылы «West Plaza» кешені мен Ақсай қаласындағы қонақ үй құрылысы аяқталды. Саланың логистикалық әлеуетін арттыру үшін 4 теміржол бекеті мен «Сырым» шекара бекеті жаңғыртылып, 36 шақырым автожол жөнделді. Алаңы 259,4 га болатын «Хан тоғайы» экопаркі қазан айында ашылады. Аймақтың атауының өзі өңір тарихымен және дәстүрлерімен байланысын бейнелейді. Паркте экологиялық соқпақтар, келушілерге арналған демалыс аймақтары құрылады.
Селекторлық жиыннан соң облыс әкімінің уақытша міндетін атқарушы Тілепберген Каюпов құзырлы құрылымдарға тазалық іс-шараларын жаңа форматта жандандырып, тұрғындардың белсенділігін тапсырды.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі

