Орал қаласында қыркүйектің 20–21 күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Жәрмеңке сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін жалғасады. Алғашқы күні — 20 қыркүйекте — сауда-саттық М. Ықсанов көшесі бойында өтсе, келесі күні, 21 қыркүйекте, Зашаған кентіндегі Жәңгір хан көшесі, 52Б мекенжайындағы Жәңгір хан сауда үйінің алаңында жалғасады.
Әкімдіктің мәліметінше, қала тұрғындарына ауыл шаруашылығы өнімдерінің кең таңдауы ұсынылады. Дегенмен, күннің ыстық болуына байланысты ет өнімдері (балық, тауық және өзге де ет түрлері) сатылмайды.
Жәрмеңкеге жергілікті кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысады. Шараның мақсаты — тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді өнімдермен қамтамасыз ету.