Categories Жайық news

Орал әкімі Мұрат Байменов Деркөл кенті тұрғындарымен кездесті

Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов қала тұрғындарымен кездесуді жалғастыруда. Бұл жолы ол Деркөл кентіне барып, халықтың өзекті мәселелерін тыңдады.

Жиын барысында кент әкімі Жұбан Жұмағалиев атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл кент аумағында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылған.

Сарыарқа шағынауданындағы 12 көшеге ұзындығы 7,5 шақырым асфальт төселіп, жыл соңына дейін жалпы 44 шақырым жолды жөндеу аяқталады. Сонымен қатар Алтынсарин көшесіндегі аулада абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда балалар ойын алаңдары, автотұрақ және демалыс аймағы салынуда.

Сарыарқа шағынауданында жалпы аумағы 2400 шаршы метр болатын жаңа спорт және балалар алаңы пайдалануға берілген. Санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында кент аумағынан 300 текше метр қоқыс шығарылды. Көкжиек және Сарыарқа шағынаудандарында ұзындығы 1,6 шақырым болатын арық жүйесі қазылып, су ағызу арналары ретке келтірілді.

Ал 2026 жылға арналған жоспар бойынша Назерке, Үстірт, Қоғалы, Қарқаралы, Доспамбет жырау, Бараев, Тұлпар және Торғай көшелері қайта жөнделеді. Сондай-ақ Көкжиек, Новостройки және Өскен ауылдарында спорт және ойын алаңдарын салу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, айналмалы жолды жарықтандыру және жаңа тынығу аймақтарын салу жобалары дайындалуда.

Кездесу соңында тұрғындар жол және тротуар сапасы, медициналық пункт қажеттілігі, мәдениет үйі мен аялдамалар мәселесін көтерді. Сондай-ақ қаңғыбас иттер мен тұрмыстық қалдықтарды шығару жайы да талқыланды.

Қала және кент әкімдері барлық сұрақтарға жауап беріп, көтерілген мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жоспарына енгізетінін айтты. Кездесуден кейін Мұрат Байменов тұрғындарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.

Ұқсас жазбалар

Қазақстанда жасанды интеллект университеті ашылады: Президент министрге жаңа тапсырмалар жүктеді

Президент Тоқаев Ғылым министрі Саясат Нұрбекті қабылдады. Жасанды интеллект университетін ашу және ғылымды дамыту мәселелері…

«Бастығыңыз хабарласып тұр»: Қазақстанда телефон алаяқтарының жаңа схемасы пайда болды

Қазақстанда телефон алаяқтарының жаңа түрі тарады. Енді олар өздерін басшы ретінде таныстырып, азаматтардың ақшасын алдап…

Жарты ғасырлық үзілістен соң: NASA астронавтарды Айға қайта аттандырды

NASA 50 жылдық үзілістен кейін алғаш рет Айға астронавттарды аттандырды. «Артемида-2» миссиясы Ай бетіне қайта…