OPEC+ елдері мамыр айында мұнай өндіру квотасын арттыруға келісті, бұл шешім Қазақстанға да өндіріс көлемін ұлғайтуға жол ашады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Мұнай картеліне мүше елдер мамырда тәулігіне 206 мың баррельге артық мұнай өндіруге дайын. Бұл туралы нақты шешім Мәскеуде өтетін кездесуде қабылданады деп жоспарланған. Квотаның бұл өсімі жеткізілім көлеміне айтарлықтай әсер етпесе де, бұл OPEC+ ұйымының Ормуз бұғазы ашылғаннан кейін өндірісті ұлғайта алатынын білдіреді.
Алайда Reuters агенттігінің хабарлауынша, инфрақұрылымның зақымдалуына байланысты OPEC+ елдерінің барлығы бірдей өндірісті арттыра алмайды. Бұл, ең алдымен, Парсы шығанағы елдеріне қатысты болғанымен, былтыр Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалына жасалған дрон шабуылынан кейін экспорттық мүмкіндіктері шектелген Қазақстанға да қатысты болуы мүмкін.
Екінші жағынан, басқа мемлекеттер инфрақұрылымға жасалған шабуылдардың салдарын жойып жатқанда, Қазақстанның мұнай нарығындағы позициясын нығайтуға мүмкіндігі туып отыр.
«Парсы шығанағы елдерінің бірнеше ресми тұлғасы соғыс тоқтап, Ормуз бұғазы ашылған күннің өзінде, қалыпты жұмысты қалпына келтіру және өндірістің жоспарлы көрсеткіштеріне жету үшін бірнеше ай қажет болатынын мәлімдеді», — деп жазады Reuters.
Фото: Әлеуметтік желіден

