2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының екінші жарыс күнінде Қазақстан спортшылары жүлдеге іліне алмады. Шаңғы жарысы мен биатлоннан ел намысын қорғаған отандастарымыз жанкүйер үмітін ақтай алмады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Алдымен ерлер арасындағы скиатлон бәсекесінде екі спортшымыз бақ сынады. Әмірғали Мұратбеков пен Наиль Башмаков 10 шақырымды классикалық, 10 шақырымды еркін әдіспен жүріп өтті. Нәтижесінде Мұратбеков мәреге 45-ші болып, көшбасшыдан 4 минут 28 секунд қалып қойды. Ал Башмаков 49-орынға табан тіреп, жеңімпаздан 5 минут 1,6 секундқа артта қалды.
Одан кейін биатлоннан 4х6 шақырымдық аралас эстафета өтті. Бұл сында Қазақстан намысын Владислав Киреев, Әсет Дүйсенов, Милана Генева және Айша Рақышева қорғаған болатын. Өкінішке қарай, Қазақстан командасы мәреге жете алмады. Төртінші кезеңде спортшыларымыз көшбасшыдан бір айналымға қалып қойғандықтан, жарыс жолынан шығарылды. Соңғы тіркелген уақыт бойынша олардың айырмашылығы 8 минут 30,8 секундты құрап, команда 13 қосымша патрон қолданған.
Фото: Әлеуметтік желіден

