Бүгін тұңғыштар мекені, күйдің отаны Хан ордасы ауылында дәулескер күйші, композитор, лирикалық күй өнерінің негізін салушы Дәулеткерей Шығайұлының 205 жылдығына арналған «Жігер» республикалық күйшілер байқауы өз мәресіне жетті.
Байқаудың марапатталуы мен гала-концертін ашқан аудан әкімі Нұрлыбек Даумов — Қазақ халқының рухани дүниесінде күй өнерінің алатын орны ерекше. Күй -халқымыздың рухани болмысының, мәдениетінің, дүниетанымының тұғыры биік асыл мұрасы.
Тарих пен мәдениеттің орталығына айналған қасиетті өлке, тұңғыштар мекені, күй отаны саналатын – Нарын топырағында күйші, композитор Дәулеткерей Шығайұлының 205 жылдығына арналған «Жігер» республикалық күйшілер байқауына арнайы келген Кәрима Сүндетқызы бастаған қазылар алқасына, Медхат Мұсаұлы қостаған облыстық мәдениет басқармасының өнерпаздарына барша жерлестердің атанынан тарихи мекенге қош келдіңіздер айтамын.
«Өнер – ұлттың жаны» демекші, өздеріңіз білетіндей, Нарын өлкесі – қасиетті өнердің киелі бесігі, дарынды тұлғалардың мекені. Осы топырақта қаны мен жанында күй ойнаған ұлтымыз тума таланттар аз емес. Күй атасы Құрманғазыдан бастап, Дәулеткерей, Сейтек, Науша, Махамбет, Шамғон, Тұяқберді болып жалғасып кете береді.
Солардың бірегейі, қазақтың күй мәдениетінде ерекше орын алатын ерен құбылыстың бірі, лирикалық күй өнерінің негізін салушы – Дәулеткерей Шығайұлының есімі алты алашқа жақсы таныс. Дәулескер күйшінің халық мұрасын бүгінгі күнге жеткізуде, қазақ мәдениетің дамуына сіңірген еңбегі орасан зор. Оның әр туындысының мәнері бөлек, мақамы ерекше. «Қос алқа», «Көроғлы», «Желдірме», «Ақжелең», «Бұлбұл» сынды күйлері халық арасында кеңінен танымал. Ендеше, туған халқы барда композитордың аты да, өлшеусіз мұрасы да ұмытылмайды, жасарып, жаңара береді.
Мәдениет – елдің мәйегі десек, бабаларымыздың асыл мұрасын бүгінде өнерлі ұрпақтары жалғастырып келеді. Ән мен күйдің, таланттар мен дарындардың ордасы қашан да ата-баба мұрасын қастерлеп, мәдениетіміздің мәйегін әлпештеуді басты құндылық санайды. Бүгінгідей бәсі биік, берері мол шаралар арқылы Дәулеткерей бабамыздың мол мұрасына құрмет көрсетіп қана қоймай, халқымыздың рухын көтеріп, өнеріміз бен мәдениетімізді қалың елге паш етеміз.
Осы орайда, республикалық деңгейдегі үлкен шараның өтуіне ат салысқан, республикадан, облыстан келген барша өнер жанашырларына ерекше алғысымды білдіремін. Әрдайым қазақтың күй өнерінің дамуына қосар үлестеріңіз көп болып, шығармашылық табысқа кеңеле беріңіздер.
«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші, күй отаны саналатын саналатын Нарын өлкесінде күйдің шалқуы заңдылық деп есептеймін.
Егеменді еліміздің қазығы — төл мәдениетіміздің мәртебесі биік болсын!
Жарасты сәт, жақсы күндерде жолығайық!
Күй мерекесі құтты болсын!, — деген ыстық лебізін білдірді. Сондай-ақ, Дәулеткерей шығармашылығын зерттеуші, күйші, қазылар алқасының төрағасы Кәрима Сахарбаеваға және аудан атынан өнер көрсеткен бөкейлік Еламан Елтаевқа ордалық демеушілер атынан (Р.Мұхамбетшин, Н.Имамеденов) арғымақ мінгізді.
Өз кезегінде облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов сөз алып, күй отанындағы республикалық күйшілер байқауының өтуіне жанашырлығын білдіріп, облыс басшылығының ыстық сәлемін жеткізді.
Байқаудың қорытындысы бойынша III орындарды Есентай Алихан, Болат Нұрбол, Әділет Жолдығали (үшеуіде Орал қаласы), ІІ орындарды Наурызбек Күзембаев (Алматы қаласы), Қадырәлі Бүркіт (Ақтау қаласы) иеленсе, байқаудың бас жүлдесін Тұрлыхан Әбуханов (Орал қаласы) және Іңкәр Күзембай (Алматы қаласы) теңдей бөлді.
Гала-концерт халықтық «Нарын» ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы «Махамбет» күйімен тәмамдалды.