Мәжіліске барған депутаттың басты миссиясы — халыққа қажетті Заңдардың ойға алынып, шығарылуынан қабылдануына дейін тікелей араласу. Осы миссияға адал, маңдай терін төгіп, білегін сыбанып жұмыс істеп жүрген депутаттардың бірі және бірегейі деп мен өз басым Абзал Құспанды анық атай аламын.
Осыдан екі жыл бұрын сайлау додасы басталғанда «Бізге Мәжіліс төрінде түк бітірмей отыратын немесе популизммен айналысатын адам керек емес, бізге керегі күнделікті тірлігіміздің тәртібін жасайтын, — заңгер, заман ырғағына ілестіретін — технократтар керек» деп жазған едім.
Халық отыз жылдық сылдыр сөзден шаршап, көш бастаған серкелерден ілкімді істерді күтіп отырған кезеңде Абзал басым дауыспен БҚО-дан Мәжіліске сайланды. Оның елдік мүдде жолындағы көп жылдық адвокаттық тәжірибесі, қоғамдағы белсенділігі мен беделі, артынан жаман сөз ертпеген таза репутациясы, бір сөзбен айтқанда бір атанға жүк боларлық багажы бұған әбден септескені сөзсіз.
Екі жыл аз да, көп те уақыт емес. Аз емесі — осы уақыт аралығында көп шаруа тындыруға болады. Көп емесі — көп шаруаларға әлі де уақыт керек.
Басқа бастамаларын айтпағанда, депутат Құспанның қажыр-қайраты, білім-білігі Қазақстандағы құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселесіне айрықша жұмсалды. Әр азаматқа нақты қатысы бар, бейнелеп айтқанда үйдің іргетасы іспетті жүйені түзеп алмасақ, қалған істің бәрі бекер. Осы орайда Абзал Құспан табанды түрде ат салысқан рақымшылық туралы Заң күні кеше Сенаттың қолдауын алып, Президентке қол қоюға жіберілді. Президент қол қойғаннан кейін күшіне енеді.
Жалпы, рақымшылық дегеніміз — мемлекет тарапынан өте маңызды гуманизм актісі, жаза басқан жанға өмірді дұрыс сүруге берілген тағы бір үлкен мүмкіндік.
Заң күшіне енгеннен кейін түзету мекемелерінде жазаларын өтеп жатқан 6 мың адам босатылып, пробация есебінде тұрған 9 мың адамның қылмысы қысқармақ, жалпы саны 15 мың адам, 15 мың тағдыр азаттық алады деп күтілуде. Әлбетте, бұлардың қатарына аса ауыр қылмыс жасағандар, зорлық-зомбылық жасағандар, жемқорлықпен қамалғандар, Отанды сатқан опасыздар кірмейді.
Жайық жұртын қатты қуантып отырған жағдай — кезінде киікке қатысты қылмысқа тартылып, сотталып, тар қапаста отырған жүздеген батысқазақстандық бауырларымыз осы рақымшылық Заңына ілігуі керек. Яғни, жүздеген отбасы қуанышқа келіп, ана, жар, баланың арманы орындалғалы тұр. Тамаша жаңалық. Солай жолдастар!
Categories
Басты тақырып
МИССИЯСЫНА АДАЛ ДЕПУТАТ
