Алматы облысына қарасты Нұра ауылындағы жалғыз мектеп соңғы үш жыл қатарынан күрделі жөндеуге жабық, деп хабарлайды ZhaiyqMedia.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Осы уақыт бойы оқушылар әкімдік, Мәдениет үйі тіпті жергілікті дүкеннің ішінде білім алуға мәжбүр болған. Ата-аналар алаңдаулы: мұндай жағдайда сапалы білім беру мүмкін емес.
Ауыл тұрғыны Арай Мұратова – осы мектептің түлегі. Қазір оның үш баласы сол мектепте оқиды. Алайда сабақтар сыныптарда емес, тар әрі білім алуға бейімделмеген бөлмелерде өтеді.
«Жұмыс тоқтап тұр. Құрылысшылар жоқ. Үшінші жыл уәде күтіп отырмыз», — дейді ол.
Ата-аналардың айтуынша, мектеп 2023 жылдың мамырында, оқу жылы аяқталмай жатып, күрделі жөндеуге жабылған. Сол кезде жөндеуді жазда аяқтаймыз деп уәде берген. Алайда мектеп орнына балалар бүкіл ауылға тарап, тіпті жергілікті кәсіпкер ұсынған дүкен ішінде сабақ оқыған.
«Дүкен иесіне рахмет, былтыр балалар сол жерде оқыды. Ал биыл қайда баратынын өзіміз де білмейміз», — дейді тағы бір тұрғын Анаргүл Айтрахимова.
Мұғалімдер бір шеттегі әкімдіктен екінші шеттегі Мәдениет үйіне жүгіріп сабақ беруге мәжбүр. Сабақ ұзақтығы 30 минутқа қысқарған. Ата-аналар жөндеу жұмыстарының нақты аяқталу күнін талап етуде, бірақ шенеуніктердің жауаптарына сенімсіз қарайды.
Жөндеуді кешіктіріп жатқан мердігер қаржылық қиындықтарға сілтеме жасаған.
«Жобадағы негізгі жұмыс — құрылымды күшейту. Біз оны жасадық», — дейді «Sheberbuild» ЖШС директорының орынбасары Мұрат Досан.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұрынғы мердігермен сотқа дейін барып, енді жаңа жұмысшылар жалданған. Қазіргі уәде: 1 қыркүйекке дейін жылу жүйесі, жарық, ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталады. Бастапқыда 414 миллион теңге болған смета түзетуден кейін 623 миллион теңгеге дейін өскен, қаржы толық бөлінген.
«Егер мердігер жұмысын сапалы әрі уақытында аяқтаса, төлемді тамызда аударамыз», — деді Талғар ауданы білім бөлімі бухгалтері Майра Боскымбаева.
Алайда ата-аналар сенімсіз: жаңа терезелер қазірдің өзінде сынған, сылақ түсіп жатыр. Ал балалар тағы да сабақтарын жергілікті дүкен ішінде өткізуі мүмкін.