Атырауда лицензиясы жоқ жекеменшік мектеп ашып, ата-аналардан 119 миллион теңге жинап алған директор алаяқтық үшін алты жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Сот дерегінше, директор сыбайласымен бірге ғимаратты жалға алып, мектепті интернет пен Instagram желісінде белсенді жарнамалаған. Ол тіпті «ашық есік күнін» өткізіп, ата-аналармен оқу жылы үшін алдын ала төлем жасауды міндеттейтін келісімшарттар жасасқан. Алайда оның білім беру қызметімен айналысуға рұқсат беретін лицензиясы болмаған.
Тергеу барысында анықталғандай, олар 2023 жылдың қыркүйегі мен 2024 жылдың ақпаны аралығында ата-аналардан ақша жинағанымен, уәде етілген қызметтердің толық кешенін ұсынбаған.
Жәбірленуші ата-аналар мектептің сапалы білім, түрлі үйірмелер, тамақтандыру және балаларды тасымалдау қызметін ұсынамыз деп сендіргенін айтты. Іс жүзінде сабақтар тұрақты өткізілмеген, мұғалімдер жұмыстан шығып кеткен. Ақырында лицензияның жоқтығынан балалар басқа мектептерге ауысуға мәжбүр болған. Бұл деректердің барлығы келісімшарттармен, банктік аударымдармен және түбіртектермен расталды.
«Сот директордың іс-әрекетін алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық деп таныды. Сотталушының қаржылық қиындықтарға тап болғанын және қызметтерді ішінара көрсеткенін алға тартқанына қарамастан, сот оның пиғылы дәлелденді деп есептеді», – делінген сот үкімінде.
Жеңілдететін мән-жайларды, оның ішінде кәмелетке толмаған балаларының болуын ескере отырып, сот оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ ол осы мерзімге басшылық қызметтерді атқару құқығынан айырылды. Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары ішінара қанағаттандырылды, келтірілген шығын ортақ тәртіппен өтеледі.
Фото: Әлеуметтік желіден

