Көнеккеткенде жаңа ФАП ашылды және Үштөбеде жаңа мектеп салынады

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстар мен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының Көнеккеткен ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілді. Оның ашылу салтанатына өңір басшысы Нариман Төреғалиев қатысты.
Көнеккеткен ауылында бой көтерген медициналық нысанның жалпы аумағы 260 шаршы метрден асады. Мекеме заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Мұнда күніне 40 адам қабылдана алады. Бұрын кейбір медициналық қызметтер үшін облыс орталығына баруға мәжбүр болған халық енді сапалы медициналық көмекті өз ауылында ала алады. Бұл — ауылдағы денсаулық сақтау жүйесінің дамуына үлкен серпін беретін маңызды қадам. Жалпы 2023-2025 жылдары облыста 50 жаңа медициналық нысан салу көзделген болса, соның 39-ы бүгінде іске қосылды. Қалған нысандардың құрылыс жұмыстары аяқталуына орай қолданысқа беріледі.
Мұның сыртында Көнеккеткен ауылында 100 орындық мәдениет үйі мен тұрғын үйлер салынуда. Облыс әкімі мердігер мекемеге мәдениет ошағын ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне аяқтауды міндеттеді. Қос пәтерлік екі тұрғын үйдің қабырғасын қалау, шатырын жабу жұмысы аяқталып, сыртын қаптау, ішкі жөндеу жұмыстары жүруде.

Аудан әкімі Мұрат Сердалин үйлердің құрылысы маусым-шілде айларында аяқталып, кезекте тұрған әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға берілетінін жеткізді.
Сондай-ақ, өңір басшысы жұмыс сапары кезінде Үштөбе ауылына барып, заманауи 60 орындық модульдік мектеп салынатынын халық алдында мәлімдеді. «Бұл бастама болашақ ұрпағымыздың сапалы білім алуына жасалған үлкен қадам. Бұл – тек білім беру жүйесінің емес, бүкіл ауылдың дамуына серпін беретін игі бастама. Балаларымызға жайлы әрі сапалы білім ордасын сыйлау – бәріміздің ортақ мақсатымыз», — деген Нариман Төреғалиұлының сөздерін көпшілік қуанышпен қабылдады. Айта кету керек,  жаңа мектеп құрылысын маусым-шілде айында бастап, келесі жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.
Н.Төреғалиев ауданның басқа да салаларында атқарылып жатырған шаруалармен танысып, нақты тапсырмалар берді.
«Жайық таңы» газеті

Ұқсас жазбалар

Бұрынғы әкім хатшысы һәм Amanat-тың экс-қызметкері Арай Есенбек 10 миллион теңге бопсалағаны үшін ұсталды

Шымкентте танымал журналист әрі блогер, бұрынғы мемлекеттік қызметкер Арай Есенбекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол…

Премьер-министр Олжас Бектенов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды

Премьер-министр Олжас Бектенов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында өңірдің өнеркәсіптік және әлеуметтік инфрақұрылымының дамуын,…

Оралда Қазақстан мен Ресей форумына дайындық басталды

Премьер-министрдің жұмыс сапары барысында үкімет басшысы Орал қаласында 11–12 қарашада өтетін Қазақстан мен Ресейдің XXI…