2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда кәсіпкерлер үшін қолма-қол ақша шешуге қатысты жаңа талап күшіне енді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Бұл өзгеріс жеке тұлғаларға қатысы жоқ. Тек кәсіпкерлікпен айналысатын заңды және жеке тұлғаларға қолданылады.
Жаңа ережеге сәйкес, бизнеске қолма-қол ақша шешу үшін ай сайынғы лимит белгіленген. Ол шегінде кәсіпкерлер ешқандай қосымша рәсімсіз ақша ала алады:
- Шағын бизнес — 20 миллион теңгеге дейін;
- Орта бизнес — 120 миллион теңгеге дейін;
- Ірі бизнес — 150 миллион теңгеге дейін.
Егер кәсіпкер осы лимиттен артық ақша шешкісі келсе, банк одан қаражаттың не үшін алынатынына қатысты ақпарат пен тиісті құжаттарды талап етеді. Сонымен қатар, клиент мәліметтерін Мемлекеттік кірістер комитетіне жіберуге келісуі керек.
Банк сұранысты тіркеген соң, мәліметтер салық органдарына жолданады. Олар операцияның заңдылығын және салықтан жалтару тәуекелін тексереді.
«Қауіп анықталса, лимиттен тыс ақша беру тоқтатылады. Ал Комитет белгіленген мерзімде жауап бермесе, банк қаражатты беруге міндетті», — делінген ресми түсініктемеде.
Жеке тұлғалар өз шоттарынан бұрынғыдай еркін түрде ақша шешіп ала алады. Олар үшін ешқандай жаңа шектеу немесе тексеріс қарастырылмаған.

