Categories Жайық news

Иранның жасырын жоспары: Саясаттанушы Таяу Шығыстағы соғыстың астарын ашты

Белгілі саясаттанушы Дулат Бәкішев Израиль, АҚШ және Иран арасындағы текетірестің астарында жатқан стратегиялық мақсаттарға талдау жасап, әр тараптың өзіндік ойыны бар екенін түсіндірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Сарапшының пікірінше, Израильдің басты мақсаты – Иранды мемлекет ретінде толықтай жойып, болашақта ешқандай қауіп төндірмейтіндей жағдайға жеткізу. Олардың соғыс тактикасы осыны айқын көрсетеді: Иранның мемлекеттік маңызы бар тұлғалары мен азаматтық инфрақұрылымына соққы беруде. Ал жеке Биньямин Нетаньяху үшін бұл соғысты келесі сайлауға дейін созу маңызды, себебі бұл оның соттағы ісінің қайта қаралуын кейінге шегереді.

АҚШ-тың да көздегені аз емес. Вашингтон Тегеранның ядролық және зымыран бағдарламаларын тоқтатқысы келеді. Оған қоса, Иран билігіне өзіне бағынышты адамдарды әкеліп, Таяу Шығыстағы мұнай мен газды толық бақылауға алуды және осы арқылы Қытайды әлсіретуді мақсат етеді.

АҚШ президенті Дональд Трамптың жеке мүддесі де бар. Ол қарашадағы сайлауға дейін «Эпштейн файлдарының» жариялануына жол бермеуге тырысады. Сонымен қатар, Таяу Шығыс мұнайын өз айналасындағыларға бөліп беріп, сайлауға қаржы жинауды және тарихта «аятоллалар Иранын жеңуші» ретінде қалғысы келетінін айтады сарапшы.

Дулат Бәкішевтің айтуынша, Тегеранның әскери әлеуеті бұл екі одақтасқа төтеп беруге жеткіліксіз. Сондықтан Иран жаудың әлсіз тұстарын тауып, барынша қатты соққы беру тактикасын ұстанып отыр. Егер соғыс қазір тоқтап, мәселе шешілмесе, Тель-Авив пен Вашингтон бір жыл ішінде қайта шабуылдап, Иранды толық жеңуі мүмкін. Себебі АҚШ Иранның қорғаныс кешендерін қатты бомбалап тастады, сондықтан Тегеран тез қалпына келіп үлгермейді.

Дегенмен, Иранның да жетістіктері бар. Олар Израильдің шөл даладағы ядролық нысанының жанына дәл соққы жасап, ескерту жіберді.

«Бұл біздің Бушердегі нысанға тиіспеңдер деген сөз», – дейді сарапшы.

Иран бұл жолы әлемді таңғалдырып, 2600 шақырым қашықтықтағы «Диего Гарсиа» базасын атқылады. Бұл – Еуропа елдеріне арналған белгі.

«Араласпаңдар дегенді білдіреді», – деп түсіндірді Бәкішев.

Тегеранның түпкі мақсаты – АҚШ-пен келіссөзге келіп, өтемақы алу, Израильдің ядролық инфрақұрылымына халықаралық инспекция жасату және Вашингтоннан болашақта соғыс ашпайтыны туралы кепілдік алу. Қазір Иран режимі «мұнай картасын» ұтымды пайдаланып, ұзақ соғысқа дайын отыр.

Ал Дональд Трамп ұзаққа созылған соғысқа дайын емес. Оған сайлау алдында мұнай бағасы мен экономиканың тезірек тұрақталғаны керек.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

Қазақстанда жасанды интеллект университеті ашылады: Президент министрге жаңа тапсырмалар жүктеді

Президент Тоқаев Ғылым министрі Саясат Нұрбекті қабылдады. Жасанды интеллект университетін ашу және ғылымды дамыту мәселелері…

«Бастығыңыз хабарласып тұр»: Қазақстанда телефон алаяқтарының жаңа схемасы пайда болды

Қазақстанда телефон алаяқтарының жаңа түрі тарады. Енді олар өздерін басшы ретінде таныстырып, азаматтардың ақшасын алдап…

Жарты ғасырлық үзілістен соң: NASA астронавтарды Айға қайта аттандырды

NASA 50 жылдық үзілістен кейін алғаш рет Айға астронавттарды аттандырды. «Артемида-2» миссиясы Ай бетіне қайта…