Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин «Матен Петролеум» мұнай компаниясының бас директоры Лю Цзиньчэнді сұраққа дайындықсыз келгені үшін қатаң сынға алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Парламенттегі жиын барысында Еділ Жаңбыршин компания басшысынан жергілікті тауар өндірушілермен ұзақмерзімді келісімшарттардың бар-жоғын сұрады. Алайда Лю Цзиньчэн бұл сұраққа бірден жауап бере алмады.
Оның орнына бас директордың орынбасары жауап бермек болғанда, депутат оны тоқтатып, сұрақтың тікелей Лю Цзиньчэнге қойылғанын ескертті. Осы сәтте директордың көмекшілерінің бірі оған жауапты сыбырлап айта бастаған.
Бұл жағдайға ашуланған депутат компания басшылығына сұрақтардың алдын ала жіберілгенін, сондықтан дайындалып келу керегін айтты.
«Сіз дайындалмағансыз. Екі деген баға алатын оқушыға ұқсайсыз. Сұрақтар сіздерге алдын ала жіберілді ғой. Неге дайындалмайсыздар? Біздің алдымызға не үшін келдіңіздер? Сыбырлап айтып жатыр… Бұл не деген масқара?», – деді Еділ Жаңбыршин.
Фото: Әлеуметтік желіден

