Categories Жайық news

Давос форумы басталды: Трамптың жаңа жоспары мен Макронның қатаң ескертуі

Швейцарияның Давос тау-шаңғы курортында 56-шы Дүниежүзілік экономикалық форум өз жұмысын бастады. Биылғы жиын геосаяси шиеленістер, сауда соғыстары және әлемдегі қарулы қақтығыстардың рекордтық саны аясында өтіп жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

23 қаңтарға дейін жалғасатын форумға 130 елден үш мыңға жуық адам, оның ішінде 65 мемлекет және үкімет басшылары, министрлер, ірі банктер мен жаһандық бизнес өкілдері қатысуда. Негізгі талқыланатын тақырыптар – Украинадағы соғыс, жаһандық қауіпсіздік дағдарысы, экономикалық тұрақтылық және жасанды интеллектті дамыту.

Форумға қатысушылар арасында АҚШ президенті Дональд Трамп, ҚХР Мемлекеттік кеңесі төрағасының орынбасары Хэ Лифэн, Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Олаф Шольц, Палестина премьер-министрі Мұхаммед Мұстафа, Сирияның уақытша үкіметінің басшысы Ахмед аш-Шараа, Испания премьері Педро Санчес және Аргентина президенті Хавьер Милей бар.

Сарапшылардың пікірінше, Дональд Трамптың Давосқа жеке өзі келуі – саяси және экономикалық күш көрсету. Ол әлемдік тәртіптің жаңа үлгісі мен жаһандық басқарудағы АҚШ-тың рөліне қатысты өз көзқарасын ұсынады деп күтілуде.

Bloomberg дерегінше, 22 қаңтарда Трамп халықаралық қақтығыстарды реттеумен айналысатын және БҰҰ-ға балама ретінде қарастырылатын «Бейбітшілік кеңесінің» жарғысына қол қоюды жоспарлап отыр. Бұл жобаға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Түркия, Канада, Өзбекстан, Жапония, БАӘ, Еуроодақтың бірқатар мемлекеті мен Еурокомиссия басшылығын қоса алғанда, 60-қа жуық ел шақырылған.

Бүгін форумда сөз сөйлеген Франция президенті Эммануэль Макрон мінберге қара көзілдірікпен шығып, сөзінің соңына дейін шешпеді. Ол АҚШ-тың сауда стратегиясын қатаң сынға алып, Еуропаның болашағына алаңдаушылық білдірді.

«Әлем қақтығыстар қалыпты жағдайға айналған «ережесіз» кезеңге өтіп барады. 2024 жылы әлемде 60-тан астам соғыс тіркеліп, бұл абсолютті рекорд болды. АҚШ-тың сауда келісімдері мен тарифтік саясаты Еуропаның егемендігіне қысым жасау құралы ретінде қолданылып отыр. Еуропалық Одақ өз нарығы мен компанияларын белсендірек қорғауы тиіс», – деді Макрон.

Дүниежүзілік экономикалық форум өзара сенімсіздік, бәсекелестік және бұрынғы ойын ережелерін қайта қарау ахуалында өтіп жатыр. Алдағы күндері жаһандық саясатқа әсер ететін маңызды мәлімдемелер жасалуы мүмкін.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

Ереже қатайса да, банктердің табысы артты: бір жылда 2,7 трлн теңге пайда көрді

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан банктерінің жиынтық пайдасы 2,7 трлн теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда…

«Қайрат» Чемпиондар лигасында тарихи гол соқты, бірақ ойсырай жеңілді

Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасында «Брюггеден» 1:4 есебімен жеңілді. Команда өз алаңындағы тарихи алғашқы голын соқты.

Отбасы банк маңызды жаңалық жариялады: Баспанада үлесі барлар енді кезектен шығарылмайды

Қазақстанда баспана кезегіне қатысты ереже өзгерді. Ақпан айынан бастап тұрғын үйде үлесі бар азаматтар мемлекеттік…