Он жылдан кейінгі үміт: Қытайда өмір бойына сотталған Ақжарқын Тұрлыбай елге орала ма?

2014 жылы Қытайдың Гуанчжоу әуежайында ұсталып, 4,5 келі ес#р##і алып өтпек болды деген айыппен өмір бойына сотталған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбай ісі қайтадан қоғам назарында. Жиырма жастағы бойжеткен шетелдік досы алдап, өз бостандығынан айырылғанын айтып, кінәсін мойындамаған еді.

Бірнеше жылдық үнсіздіктен кейін оның ісі қайта қозғалып, 2016 жылы алғашқы сот үкімі жойылды. 2025 жылдың 3 қыркүйегінде Гуанчжоу қалалық сотында кезекті тыңдалым өтті. Екі сағатқа созылған отырыста Ақжарқын қытай тілінде жауап беріп, өз позициясын қорғады.

9 қыркүйекте Ақжарқынның анасы Зухра Сейтімова президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, қызын елге қайтаруға көмек сұрады. Артынша мемлекет басшысы Қытайға ресми сапары кезінде бұл мәселені жеке көтергені белгілі болды.

Соңғы күндері Бас прокуратура мен Сыртқы істер министрлігі Ақжарқын ісіне байланысты жаңа қадамдар жасап жатқаны хабарланды. Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, іс тұрақты бақылауда, ал басты күдікті — Нигерия азаматы Адинду Нонсо Фортуна — Интерпол арқылы іздестірілуде.
«Бұл және осыған ұқсас істер назарымызда. Іздеудегі азаматтың нақты орналасқан жері анықталған бойда экстрадиция рәсімі басталады», – деді ол.

Сенатор Геннадий Шиповских те Ақжарқын ісінің халықаралық деңгейдегі келіссөздер арқылы шешіліп жатқанын айтып, Қытай заңдарының қаталдығын атап өтті:
«Келіссөздер оңай емес, өйткені Қытайдың заңдары өте қатаң. Соған қарамастан, мәселенің оң шешім табатынына сенеміз», – деді сенатор.

Ақжарқын Тұрлыбай ісі — бір ғана тағдырдың емес, халықаралық әділет пен азаматтық қорғау жүйесінің айнасы. Қытаймен арадағы құқықтық және дипломатиялық келіссөздер жалғасып жатқан шақта, он жылдан астам уақыт бойы бостандыққа үміт үзбеген жас қыздың тағдыры қазақ қоғамын бейжай қалдырмай отыр.

Бердалы Ораз / сурет: kazinform.kz

Ұқсас жазбалар

В ЗКО собрали 760 тонн мусора с 423 локаций за один день в рамках акции «Таза Қазақстан»  

11 апреля в Западно-Казахстанской области в рамках республиканской экологической акции «Таза Қазақстан» прошли масштабные мероприятия,…

Оралдағы «Хан тоғайы» экопаркке айналады  

ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өңір әкімдерімен кеңес өтті. Күн тәртібінде «Таза Қазақстан»…

Орал қаласында 35 млрд теңгеге жол мен көпір құрылысына дайындық басталды

Бұл туралы жол мен көпір салынатын учаскеде «капсула» салу рәсімінде белгілі болды. Капсуланы ашу мерзімі…