БҚО-ның Тайпақ ауылдық кітапханасы модернизациядан кейін есігін айқара ашты

Ауылдастардың қуанышына ортақтасып, шараға БҚО әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары Роллан Құспан, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқармасының төрағасы Ляззат Шыңғысбаева, осы жобаның идея авторы әрі «TANA» қоғамдық қорының жетекшісі Камила Лұқпанова және басқа да құрметті қонақтар қатысты.

Алдымен көпшілікті облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Ермекұлы жүрекжарды лебізін білдіріп, бұл рухани орданың ауданда модернизациядан өткен екінші кітапхана екенін айтты. Былтырдан басталған игі бастаманың нәтижесінде облыстың барлық аудандарынан кітапханалар іріктеліп алынып, 25 нысанда модернизациялау жұмыстары жүргізілген. Бұл берекелі іске «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Тана» қоғамдық қоры қолдау білдірді.

Модернизациядан толық өтіп, жаңа келбетке енген кітапхананың лентасын Қ.Меңдіғалиев,  ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі заң департаментінің директоры Әлібек Байжұманов, Ләззат Шыңғысбаева және еңбек ардагері,»Ақжайық ауданының құрметті азаматы» Ғайнолла Садыров қиды.

Заманауи кітапхана оқырманды ілім мен білімге жетелейтін рухани орта ретінде қайта жаңғырған. Аудан кітапханашылары оның әр бөлімін келгендерге таныстырып шықты. Айталық, мұнда кітап оқу алаңында оқырмандардың әдебиет әлеміне алаңсыз енуіне барлық жағдай жасалған. Кітапхананың бір бөлмесі жасөспірімдердің талғамына сай жасақталыпты. Мұнда бос уақытты тиімді өткізіп, дебат, шығармашылық байқау, т.б. зияткерлік шаралар өткізуге болады. Ал бүлдіршіндерге арналған «KidLib» бұрышынан сан түспен көздің жауын алатын 3D кітаптар, ойыншықтар, ойлау қабілетін жетілдіретін түрлі ойындар орын алған.

Руханият және медиа алаңдарында, презентация залында түрлі форматтағы шаралар өткізуге мүмкіндік молынан. Сонымен қатар компьютер, заманауи медиа құрылғыларды да еркін пайдалануға болады.

Жаңа кітапхана шексіз мүмкіндіктердің кеңістігіне айналғанының айқын дәлелі – мұнда би залы, көрме залы жасақталып, мүгедек жандардың еркін қызмет алуы да қарастырылған.

 

Ұқсас жазбалар

Түркістан облысында әкесін қорлады деген күдікке ілінген ер адам қамауға алынды

Түркістан облысында әкесін қорлады деген күдікке ілінген ер адам қамауға алынды,-деп хабарлайды Жайықмедиа.кз. Түркістан облысының…

Трамп: АҚШ ХАМАС-пен кепілдегілер бойынша келіссөз жүргізіп жатыр

АҚШ ХАМАС-пен кепілдегілер бойынша келіссөз жүргізіп жатыр,-деп жазады Жайықмедиа.кз. АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның ХАМАС…

Жапония премьер-министрі қызметінен кетуге дайын

Жапония премьер-министрі қызметінен кетуге дайын,-деп хабарлайды Жайықмедиа.кз. Жапония премьер-министрі Сигэру Исиба отставкаға кету туралы шешім…