Батыс Қазақстан облысында көктемгі дала жұмыстары толық көлемде орындалып, өсімдік шаруашылығы саласында тұрақты даму үрдісі байқалуда. Ауыл шаруашылығы құрылымдары жоспарланған агротехникалық шараларды мерзімінде аяқтап, өнім өндіруге қажетті дайындық жұмыстарын қамтамасыз етті.
2025 жылы облыс бойынша 462 мың гектар алқапта ылғал жабу жұмыстары жүргізіліп, 167 мың гектар жерге культивация жасалды.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 390,7 мың гектар алқапқа жаздық егіс жұмыстары толықтай жүзеге асырылды.
Оның ішінде:
205,3 мың гектарға жаздық дәнді дақылдар,
121,1 мың гектарға майлы дақылдар,
60 мың гектарға мал азықтық дақылдар егілді.
Сонымен қатар, 4,2 мың гектар жерге картоп және көкөніс-бақша дақылдары егілді. Жалпы егістік алқабы 633 мың гектарды құрайды.
2025 жылғы көктемгі дала жұмыстарына 29,4 мың тонна тұқым қажет етілсе, бүгінде бұл көлем толықтай қамтамасыз етілген. Тұқым сапасын сараптамадан өткізу мақсатында 10 789 зерттеу жүргізу көзделген.
Облыста екі арнайы зертхана жұмыс істейді: бірі – Орал қаласында («Казагрэкс» АҚ), екіншісі – Деркөл кентінде («Орал-Жер» ЖШС).
Көктемгі дала жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникалары толықтай жөндеуден өткізіліп, 100% дайын күйде іске қосылды. Егіс науқанына қажетті жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мақсатында облысқа 8,4 мың тонна дизель отыны бөлініп, оның негізгі бөлігі — 6 мың тоннасы шаруаларға жеткізілді. Ал қалған 1,9 мың тоннасы күзгі егіс және мал азығын дайындау жұмыстарына бағытталды.
Облыс аумағында 406 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелсе, соның 291-і белсенді жұмыс жүргізуде.
Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 5,5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлініп, 815 азаматқа несие беру және 886 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі