Батыс Қазақстан облысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, 405 ауылдық елді мекеннің 343-і, яғни 85%-і интернетке қол жеткізген. Халық саны аз, 50-ден төмен ауылдарды қамту үшін 24 елді мекенге OneWeb спутниктік технологиясының станциялары орнатылуда.
Сонымен қатар, облыста 5G стандартындағы 77 базалық станция іске қосылды. Бұл тұрғындарға жоғары жылдамдықтағы мобильді интернет пен заманауи байланыс қызметтерін ұсынуға мүмкіндік береді. Интернет сапасын одан әрі жақсарту мақсатында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін 220 ауыл талшықты-оптикалық байланыспен қамтамасыз етіледі.
«Smart City» тұжырымдамасы бойынша ақылды қалалардың рейтингінде Орал қаласы 2024 жылдың қорытындысы бойынша 78,3%-бен үздік 5 қаланың қатарына енді. Бұл шаралар облыс тұрғындарының сапалы байланысқа қол жеткізуін қамтамасыз етіп қана қоймай, цифрлық даму көрсеткіштерін арттыруға бағытталған.
Н.Төреғалиевтің сөзінше, цифрлық инфрақұрылымды кеңейту өңірде білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік пен әлеуметтік қызметтердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

